Бүгінде Қазақстанның көптеген аймағында сел болу қаупі бар екендігі белгілі. Осыдан бірнеше күн бұрын Алматы қаласы мен облысында болған сел апаты дайындықтың төмен болғанын көрсетті. Сондықтан Massaget.kz сайты сел кезінде ел азаматтарына дұрыс әрекет ету нұсқаулығын дайындауды жөн деп білді.
Селге дейін:
• Өзіңіз тұратын аймақта сел секілді табиғи апат жиі орын алатын болса, үнемі қырағылық танытып, дайындықта жүргеніңіз абзал. Оқыс жағдайда туыстарыңызбен жылдам байланысқа келу үшін жанұяңыздың әрбір мүшесін мобильді құрылғымен қамтамасыз етіңіз.
• Өзіңіз тұратын аймақты жақсылап зерттеп шығыңыз. Аймақта соңғы рет болған табиғи апаттың ауқымын анықтаңыз. Жергілікті құтқару қызметінің мамандарынан осыған дейін болған селдің бағыты туралы ақпарат алып, тәжірибелі мамандармен кеңесіңіз.
• Үйіңіздің қабырғасына зақым тиген болса, оны барынша тезірек жөндеуге тырысыңыз. Сосын үйдің құрылысына күнделікті бақылау жасаңыз.
• Селдің суын үй қабырғасынан алыстату үшін арнайы арықтар қазыңыз. Дегенмен, селден аман қалу үшін арнайы қабырға көтермегеніңіз жөн. Себебі бұл сел кезінде көршіңізге айтарлықтай зақым келтіруі мүмкін.
• Сел болу ықтималына қатысты алдын ала ақпарат алсаңыз, оған бей-жай қарамаңыз.
• Аяғыңызға жердің дірілі сезіліп, ағаштардың әдеттегіден қисаюы табиғат тұрақтылығының өзгеріп жатқанын білдіреді. Терезе сынып, аулаңыздағы жолақтарда сынықтар пайда бола бастайды. Бұл селдің алып нысандарды жуып келе жатқанынан болуы мүмкін.
• Сіз тұратын аймақ қауіпті болғандықтан, оқыс жағдайда қажет болатын заттарды алдын ала дайындау керек екенін ескеріңіз.
Сел кезінде:
• Сел кез келген уақытта басталуы мүмкін. Ондай сәтте ұйқылы-ояу кейіпте болмауыңыз керек. Сергектік танытып, жағдайды мұқият бақылауға тырысыңыз.
• Бөлек тоқ көзіне жалғанған радио қызметтерін (мобильді гаджетіңіздің радио қызметі) тыңдаңыз. Ақпарат беру желілерінде селдің көлемі немесе құтқару жұмыстары туралы мәлімет берілуі мүмкін.
• Айналадағы дыбыстарға мұқият мән беріңіз. Сел кезінде үлкен тастар сумен бірге төменге бағдар алуы мүмкін. Сондай-ақ, селмен бірге аққан кез келген зат алдынан не шықса да, жаншып кете беруі ықтимал.
• Селдің бағытынан барынша жылдам алшақтауға тырысыңыз. Себебі селдің ағымына жаңбыр суы (егер жаңбыр жауып жатса) қосылып, үлкен арнаға айналуы мүмкін. Ал лайланған сел ағысы төмендеген сайын жылдамдығы арта түседі.
• Егер көпірден өту керек болса, алдымен арнаның жоғарғы жағына қараңыз. Арна суының алдыңғыдан молайғанын байқасаңыз, көпірден өтпеңіз.
• Өзен алқабы мен сайларда қалып қоймаңыз.
• Көлік жолдары да өзен жағасында болуы ықтимал. Мұндай кезде селдің көлемін ескеріп, өзеннен алыста болу керек. Себебі табиғи апат кезінде көлік кептелісіне түсіп қалуыңыз бек мүмкін.
Селден кейін:
• Селден кейін үйде қалу қауіпті деп санасаңыз, қоғамның топтасқан орталықтарына барыңыз. Жақын маңдағы құтқару жұмыстарының мекені туралы жергілікті төтенше жағдайлар қызметі радио немесе СМС арқылы мәлімдеуі тиіс.
• Сел ағысы өткен жерден жүрмеңіз. Ағыстың салдары қайта орын алуы мүмкін.
• Селдің зардаптары туралы мәлімет алу үшін үнемі радиостанция немесе телевизиялық ақпарат беру желілеріне құлақ түріңіз.
• Егер құтқару қызметі сізді қауіпсіз аймаққа жеткізсе, селдің қауіпті аймақтары туралы құтқару қызметін ақпараттандырыңыз. Ал егер белгілі бір қауіпті аймақта адам баласы қалып қойған болса, мұны да жылдам хабарлаңыз.
• Егер апат кезінде үйіңізде қалған болсаңыз, сел жүрісі саябырсыған соң үйіңіздің тірегін, қабырғасын қарап шығыңыз. Егер үйіңіз құлау қалпына келген болса, үйден тездетіп шығыңыз.