- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Рой Джонс: "Өмірден...
Рой Джонс: "Өмірден таяқ жемеуім үшін, таяқтапсың ғой сонда сен..."
Кез келген мықты тұлғаның артында сан-қилы тағдыр және бірнеше адам тұратыны бесенеден белгілі. Бокстың патшасы атанған былғары қолғап шебері Рой Джонс өзінің батыл боксшы болып қалыптасуында әкелік тәрбиенің маңызы зор екенін айтады. Жазбамызды әкесін қатал еді дей тұра, қатты жақсы көретін деген Рой Джонстың өз сөзімен жалғаймыз.
«Вьетнам соғысының ардагері, қаталдау әкемді сол кезде бәрі "Үлкен Джонс" деп атаған екен. Үлкен Джонс мен дүниеге келгенге дейін де бокспен айналысыпты. Ал мені 5 жасымнан бастап осы спорт түріне баулыды. Біздің Флорида да өз фермамыз болды және сол жерде өмір сүрдік. Қаршадай кезімнен қара нарға ауыр жүкті жалғыз көтердім. Қап тасып күні ұзақ небір ауыр жұмыстар істейтінмін. Бір күнім екіншісінен аумайтын және мына оқиғалар: мектеп, үй жұмысы, фермадағы жұмыс, жаттығу қайталана беретін.
Әкем жүк көлігіне мініп алып, ферманы күніне бір рет айналып қарап шығатын. Мақсаты - барлық істі дұрыс орындағандығымды тексеру. Егер қандай да бір істен шалалық көрсе, қолына түскен (пластикалық түтік, құбыршек (шланг) немесе белбеуімен) затпен ысқыртып тұрып сабайтын. Мен барынша қорғануға тырысатынмын. Бастырта сабағанда да ылғи «Иә, жігітім еркексің бе, әлде езсің бе?» деп сұрайтын. Арқам тіліне жаздап, шыбын жаным көзіме көрінсе де, төзімділік танытып, «Еркекпін» дейтін едім. Қазір ойлап қарасам, жазалай отыра кеудемдегі жауынгерлік жүрегімді тәрбиелеген екен ғой. Осылай небір қиыншылықты басымнан кешірдім. Бірақ, таяқ сүйегімнен өтсе де, мойымадым, жаттығуды жалғастыра бердім. Әкем жаттықтырушым һәм агентім болды.
1988 жылғы Сеулдегі Олимпиада ойындарында қазылар алқасы бұрмалап төрелік етіп, корейлік спортшыға жеңісті бере салды. Бұл оқиғадан кейін бірден кәсіпқой боксқа ауысып кеттім. Алғашқы кездері ақша алған жоқпын. Чемпиондық атақ үшін шақырған ұрыстарға әкем менің сыртымнан бас тартып отырыпты. Мен оны кейін білдім. Бір күні досымның иті ойламаған жерден қарындасымды қауып алды. Бұған қатты ашуланған әкем итті ағашқа байлап қойып, мылтықпен қатарынан үш оқ атып, артынша 9 милиметрлі тапаншамен тағы да екі рет атты. Мына оқиғадан кейін мен бұлай жалғаса берсе, арты жақсы болмайтынын түсіндім де, Элтон Макерсонды өзіме жаттықтырушы деп таныдым (Элтон Макерсон – Рой Джонсты Сеулдегі ойындарға дайындаған жаттықтырушы).
«Бірақ, мен әкемнің арқасында ғана осындай өжет әрі батыл боксшы болдым деп айта аламын. Себебі, жауынгерлік қасиетімнің түп тамыры сонау балалық балғын шақтағы әкелік тәрбиеде жатыр. Маған «Осындай қиыншылықтан қайтадан өтесің бе?» десе, келіспейтін едім. Бірақ, арамыздағы (әке мен бала арасындағы) мейірімді қарым-қатынасты мені шынықтыру үшін құрбан еткенін, «өмірден таяқ жемеуім үшін таяқтағанын» кейінірек түсіндім. Мен өз балаларыма мұндай қатал көзбен қарай алмас едім», - дейді.
Әкелерімізді қадірлейік достар, бәріміздің де адам болып, азамат болып қалыптасуымызға, ол кісілердің сіңірген еңбегі мол.
Оқи отырыңыз:
1. Ғалым Жарылғапов атындағы турнир жайлы не білеміз?
2. Өз баласына вирт-киллер жалдаған әке
3. Ұрыға көмек көрсеткен полиция қызметкері
4. Брендон Гримшоу – бүгінгінің Робинзоны
Сурет: vk.me, www2.pictures.zimbio.com, img.vl.ru
Е. Жұмабайұлы