Отанды сүю отбасынан басталады. Отбасына қамқор болған азаматтың Отанын сүюі, қорғауы заңдылық. Сіз бен біз айтып жүрген патриоттық тәрбиенің де негізі сол Отанды қорғауда жатыр.
Қазақстан Республикасының әрбір азаматы Отан алдындағы борышын өтеу арқылы ғана Отанды қорғауға міндетті емес. Әрбір ел азаматы, әскер қатарына белгілі себептермен болсын жарамай қалған жандар да елін және жерін қорғауға міндетті. Себебі ол сол елдің тумасы, сол елдің заңды азматы ретінде бәріне дайын болу керек.
Елімізде 18 миллион халық бар болса, соның 8-9 миллионға жуығы алда-жалда қауіпті жағдай туса қолдарына қару алып, жауға қарсы тұруға дайын екен. Бұл әскери орындағы әскер саны емес, жалпы әрбір азаматтың парызы мен борышы ретіндегі тізімі.
Жыл сайын әскерге шақырту алатын әрбір жас буынның санасында ең бірінші ұлттық мүддені қорғау, Отанды сүю және әрбір отбасының амандығын күзету дейтін түсінік болу керек. Қолға қару алып соғыса беру ешқандай тәрбиенің көзі емес. Себебі қаруды жақсы және жаман жаққа да пайдалануға болады. Сондықтан ең бірінші тәрбие көзі отбасынан басталу керек.
Патриот болу деген сөз өз ұлтыңды ғана сүйіп, өзгеге құрмет танытпау деген сөз емес. Ең бірінші достық қарым-қатынас, екінші сыйластық, үшінші берілген тапсырманың үдесінен шыға білу керек. Әскери адамдардың бойында болатын ең үлкен қасиеттер де осы болса керек. Сабырлық пен ақылды қатар ұстап, тәрбиені тереңнен алған азаматқа елдің болашағын сеніп тапсыруға болады.