Біз өмірде тәжірибелер жүргізу арқылы көп нәрсеге көз жеткіземіз. Бірде Джек Кнетч атты профессор студенттерге мынадай тәжірибе жүргізген екен.
Бір аудиториядағы білімгерлерге толықтай кофе ұсынады. Аздаған әңгіме айтылып, уақыт өткеннен кейін, кофені қайтарып, орнына шоколад алу ұсынылады. Бірақ ішінде бірең-сараң студент болмаса, әдетте шоколадты жақсы көретін адамдар да ауыстырудан бас тартады.
Келесі аудиторияға келгенде профессор студенттерге шоколад таратып береді. Оларға да алдыңғы тәжірибе секілді сәлден соң шоколадты кофемен алмастыру ұсынылады. Бірақ бұл ұсынысты отырғандардың 90 пайызы қолдамайды.
Тәжірибеден не ұғамыз?
Біз өмірде ештеңе өзгерткіміз келмейді. Жұмысымыз ұнамаса да, басқа жұмыс іздеуге ерініп, барып-келіп жүре береміз. Кездесіп жүрген қызымыз ұнамай бастаса, оған да ләм демейміз.
Маңызды шешім қабылдау үшін миымызды іске қосып ойлануға қарағанда, өлі балықтай бір ағыспен жылжи беруді жеңіл санаймыз. Өмірімізге өзіміз немқұрайлы қараған соң, бақытсыздығымыз үшін кімге өкпелейміз?!