Күні кеше жарияланған "Мауглидің туысқандары"... атты жазбамызда жануарлар тәрбиесінде болған балалардың тағдыры туралы мағлұмат берген болатынбыз. Жазбамызда ит, құс арасында өскен және маймыл тәрбиесінде болған балалар туралы кеңірек айтылып өтті.
Аңдарды анасы деп танып, адамдық қалпынан айырылып қала жаздаған "тірі мауглилердің" тағдыры кімді болсын бей-жай қалдырмасы анық. Балғын шағында нарға ауыр жүкті көтеріп, көптеген қиыншылықтарды басынан өткізген балалар жайындағы қызықты деректер топтамасын жалғастырамыз.
Сібір төбетінің асыранды ұлы
2004 жылы Алтай өңірінің провинциалық ауданында жеті жасар баланы төбет асырағаны белгілі болады. Андрей есімді баланы анасы туғаннан үш айдан соң, ішкіш әкесіне тастап кетеді. Осыдан кейін әкесі де баланы есіне алмай, үйді тастап кетіп қалады. Бұл баланы сібір төбеті өзінше асырап, бауырына алады. Әлеуметтік қызметкерлер баланы тауып алған кезде, бала сөйлей алмаған, ит сияқты жүріп, адамдардан қорқып қашқан. Баланың итке айнала бастағаны соншалық, берген тамақты иіскеп, артынша тістелей бастаған. Андрейді төбеттің тәрбиесінен шығару аса қиын болған. Тіпті, балалар үйінде де өз қатарластарына шүйлігіп, аса қатты ашумен өз-өзіне келе алмаған. Мамандар қайткенде де, Андрейге ым-ишарамен сөйлетуді, асхана құралдарын пайдалануды үйретеді. Сонымен қатар, кереуетте ұйықтауды, доппен ойнауды ұғындырады. Мамандардың тәрбиесі тиісінше өз нәтижесін бере бастайды, баланың бойынан төбетке тән ашу азайып, артынша адам қалпына келеді.
Калуждық Маугли
2007 жылы Ресейдің Калужская облысында ауыл тұрғындары орманнан 10 жасар баланы байқайды. Белгісіз бала бір топ қасқырмен бірге төрт аяқтап жүгіріп жүреді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Калуж Мауглиін» қасқыр апанында жатқан жерінен қоршауға алып, мәскеулік клиникаға жөнелтеді. Дәрігерлер таңғалатын жайт көп болған: баланың дене бітімі он жастағы бала секілді көрінгенімен, оның жасы жиырмада екен. Топ қасқырдың арасында жүргендіктен, тырнақтары қасқырдың тырнақтары секілді өсіп кетсе, тістері қасқырдың азу тістерін еске түсірген. Тіпті, оның мінез-құлқы көк бөріге тән болған.
Бала мүлде сөйлей алмаған, орысша түсінбеген, оған қойған Леша деген есімге де қарамаған. Өкінішке орай, мамандарға баланы өмірге қалыптастыру мүмкін болмады, өйткені, клиникаға жатқызғаннан кейін «Леша» қашып кеткен. Ал, оның бүгін қайда жүргені әлі белгісіз.
Ростов ешкілерімен өскен бала
2012 жылы Ростов облысының қамқорлыққа алу мекемесінің қызметкерлері 40 жасар Марина есімді әйелдің 2 жасар ұлын ешкілер тұратын қорада ұстап жүргенін білген. Баласына мүлдем қамқорлық танытпаған ана үйінен табылмаған. Ол екі жыл бойына жануарлармен өмір сүріп, олармен бірге ойнап, олармен бірге ұйықтаған, нәтижесінде бала не сөйлей алмайған, не дұрыс тамақтана алмаған. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, Саша өте арық болған.
Баланы сауықтыру орталығына, содан соң, балалар үйіне жіберген. Оны адам өміріне қалыптастыру қиындық тудырған. Саша адамдардан қатты қорқып, кереуетке ұйықтамай, астына тығыла берген. Ал, анасы Марина болса аналық құқығынан айрылған.
Көше мысықтары қорғаған бала
2008 жылы Аргентинаның Мисьонес провинциясының полиция қызметкерлері мысықтар арасынан бір жастағы баланы тауып алған. Олардың айтуынша, бала бұл ортаға бірнеше күн бұрын келсе керек. Оны мысықтар қамқорлықтарына алып, үстіндегі балшықтарды жалап кетіріп, оған азық әкеліп, қыстың суық түнінен қорғап, жылытқан екен. Кейінірек, баланың көше кезіп өмір сүріп жүрген әкесі табылады. Ол баласын қағаз жинап жүрген кезде жоғалтып алғанын және үнемі оған жабайы мысықтар көмектесетінін айтқан.
Сурет: hanimalworld.com.ua, fotokvadrat.ru