Бұл әңгіме бүгінгі жастардың әлеуметтік желіге байланып, махаббаттарын сол әлемнен тауып жататына байланысты. Дегенмен виртуалды өмірдің сезімі салқын әрі ұзаққа бармайтынын ескерген жөн. Әңгімедегі басты кейіпкер Манастың басынан өткен жағдай күнделікті өмірде орын алып жатқаны айқын. Манастың қателігін жасамаңыздар...
Биік таудың етегінде көкке қол созып, табиғат ананың самалына бетін өптіріп, кең де паң даланың кеудесінде өскен жігіт бүгін бірінші рет әлеуметтік желінің әлеміне енді. Бұл әуренің не екенін де білмейтін, ауылдағы аруымен бақытты күн кешіп жатқан жас жігіттің ойына арамдықтың тұзын сеуіп кеткен – достары.
– Сен әлі «Вконтактеде» жоқсың ба?
– Ол не тағы?
– Ол жерде бәрі бар. Қыздар жетеді, бауырым!..
– Қызым бар ғой. Оларды не істеймін?
– Ой, қызық екенсің, қыз бәрімізде бар. Бірақ бір жігітке бір қыз аз...
– Қалай сонда?
– Сенің Анарың ешқайда кетпейді, осында. Тек арасында әлеуметтік желі арқылы қыздармен танысып, әдемілерін сөзге тартып отырған жақсы ғой.
– Жо-жоқ, рақмет!
– Ой, мынауың еркек емес! Өзің біл!
– Жарайды! Сендердің көңілдерің үшін. Көрейік, ол не екен, ал ашып беріңдер.
Осы жауапты күтіп отырған жігіттер таласа-тармаса жігттің суретін әрлеп, желіге жүктеп, оған жаңа «әлем» ашып берді. Достары намысына тигендіктен, Манас бұл әлемге еріксіз еніп кетті. Олардың айтқанын орындамағанын, көп қыздармен сөйлеспей, бір қызға ғана байланып қалғанын ар санады. Содан бері бір аптаның жүзі болды, Манастың есін алған бір қыз бар. Ол қыз әлеуметтік желінің гүлі болғанымен, Манаспен кездесіп көрген жоқ. Бір қызығы, Манастың қызы да бар. Анар екеуі жүргелі бір жылдан асты. Бірақ достарының сөзіне еріп, бір көрейін деген жігіттің бұлай басы кетіп, ессіз қаларын кім білді. Таңның атысы, кештің батысы «оnlinе» отырады. Бар ойы сол достары ашып берген әлемдегі қыз. Өзіне емес суретіне ғашық. Бір көргісі келеді. Бірақ бір апта болды амандықтан басқа жауап ала алған жоқ.
– Сәлем!
– Сәлем!
– Қалайсың?
– Жақсы, рақмет. Өзіңіз?
– Керемет. Сенімен танысуға бола ма?!
– ...?
– Танысайын деп едім?
– Иә!!!
– Неге (!) леп белгімен)?
– ... ! Ештеңе.
– Есімім Манас болады.
– ым...
– Сенің есімің ше?!
– ...
Жауапсыз қалды. Бірер сәт ішінде сөйлесіп отырған қызының парақшасында «оfflinе» белгісі тұрды. Күн сайын жазады. Дәл осы жерге келіп тоқтайды. Күнделікті қайталана берген бір сөздер мен Online/offline күйнен шаршаған Манас бүгін ақыры ішіндегі бар ойын жазуға бел буды. Тағы да сол күнделікті әдетімен жазып келді де, іштей ұзақ ойланды. Көп нәрсе жазғысы келеді, бірақ ішінен Анарды ойлайды. Бірақ достарының сөзі тағы да бар. Не керек, ақыры жазды:
– Сәлем...
– Сәлем!
– Саған айтарым бар еді...
– ... иә?
– Білесің бе, сен менің есімді алдың. Бәлкім сенсіз өмір сүре де алмайтын шығармын. Тіпті кездесіп те көрген жоқпыз. Бірақ сенің суреттегі сұлулығың мені жегідей жеп барады. Өмірде суреттегіден де сұлу екеніңе күмәнім жоқ.
Менің қызым жоқ... (іштей алай-дүлей болып жатыр), саған деген сезімім қардың аппақ нұрындай кіршіксіз. Жауған жаңбырдың әрбір тамшысындай тұнық... –деп, жазып бастап жатыр еді, қарсы жақтан жауап келді. Кенет күтпеген жерден келген жауапты оқуға кірісті:
– Иә, жаңбырдың әрбір тамшысындай тұнық, көк аспандай пәк, самсаған жұлдыздардың жарығындай, айдың ақ сәулесіндей, күннің күлкісіндей! Мен саған ессіз ғашықпын! Манас оқып болды да, бірден әлемінен шығып кетті. Жүрек атқақтап аузына тығылды. Ішімнен айтамын деп дауыстап жіберді. «Бұл менің сөздерім ғой. Бұл менің жазбақ ойым еді ғой. Жоқ, тіпті айна қатесіз, қалай, ол сөздерді бұл қыз қайдан біледі, менің хатқа түсірген сөздерім... құдайым-ау, жын ба екен?» үрей әкетіп барады. «Оfflinе»-нан «Оnlinе»-ға өтуге қорықты. Әлеміне қайта енуге аяқ жіберсе де, жүрек жіберер емес. Есі шығып, ақыры кірді. Бірақ қыз ендігі «Оfflinе»! Ең соңғы келіп тұрған хатты оқыды да, лезде қыздың парақшасына үңілді. Көз алдында таныс сурет, өмірдегі сурет! Көрген, қолын ұстап көрген сурет! Ең соңғы жазылған хатты қайта-қайта оқи берді де, «Оfflinе» болды.
– Манас, тағы қанша қызға жазар екенсің..!
Бір жүректен шоқ құлап, бір жанардан жас домалап екі ғұмыр қосылмастай «Оfflinе» әлемнен шығып кетті. Өкініштісі, өмірде де...
Махаббат – от. Сіз сезімді алдай алмайсыз. Бір күні алдыңыздан шығары анық. Отпен ойнап жүріп өртеніп кеткен Манастың күйін кешіп, Анардан айрылып қалмайын десеңіз, арланудан бұрын жаман ойдан арылуды ойлаңыз.
«Оnlinе» өмір қызық! Бірақ «оfflinе» болған күні өкініп қалмаңыз...