- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Ленинградтық өрендердің жау...
Ленинградтық өрендердің жау қоршауынан құтылған күні
Тарих беттеріне қанмен жазылған зұлматты ғасырдың айтулы оқиғаларының бірі – Ұлы Отан соғысы. Гитлердің тұтатқан алапат өрті миллиондаған адамның өзегін өртеп, барды жоқ қылып, жаны қалғанды жарым қылды. Ол жайлы айтар болсақ, айтылар әңгіме де, жазар нақты деректер де жетерлік. Бәрін айт та, бірін айт. Оның ішінде жау қоршауында қалған Ленинград қаласының фашистерден азат болғанына бүгін тұп-тура 74 жыл болыпты.
Бүгінде бұл қала Санкт-Петербург деп аталатынын жақсы білесіз. Ленинградқа басып кіріп, қаланы жаулап алуды жоспарлаған Гитлердің жендеттері бұл операцияны 1941 жылдың 8 қыркүйегінде бастады. Соғыс өрті үдеп, осы операция 1943 жылдың қаңтарына дейін жалғасты. Ал, түпкілікті жеңіс 1944 жылдың 27 қаңтарында келіп, Ленинград жау қоршауынан азат болды. 900 күн бойы арып-ашып, соғыстың азапты күндерін бастан кешірген жауынгерлер мен қала халқы жеңіс туы көкке көтерілгенде жас баладай қуанысты. Осы 900 күннің ішінде 850 мыңнан астам қала тұрғыны оққа ұшты, бомбаланды. Оның 640 мыңы аштықтан өлді. Бұл тізімге жаумен алысып, жеңіс жолында шейіт болған жауынгердің санын қоссақ миллионнан оп-оңай асып тұр.
Жамбыл атамыз «Ленинградтық өрендерім» деп Кеңес әскерін өлеңмен жігерлендіріп, жауынгердің рухын көтергені де жеңістің басты белгілерінің бірі деп толыққанды айта аламыз. Себебі, жауынгер әскери шеберлікті меңгерумен қатар, рухани бай болу керек. Жамбыл атамыздың өлеңдері әрбір Ленинград қаласының тұрғыны мен жауынгерінің төс қалтасынан табылды. Кішкентай ғана қазақтың жалынды жырлары үлкен соғыстың жеңіспен аяқталуына сеп болғаны әрқайсымыздың жүрегімізге мақтаныш сезімін ұялатады.
А. Қажиев