Қазіргі таңда еркектерге қарағанда әйелдер мансап туралы көбірек армандайды. Бір жұмыс орнында бірге жігіт пен қыз боп кездесіп жүріп қана қоймай, көпшілігі отбасы құрып жатады. Мұндай жағдайды көп кездестіруге болады. Ал бұл қаншалықты дұрыс? Жұбыңызбен бірге жұмыс істеуге бола ма? Ортақ кәсіп отбасына кедергісін тигізбей ме? Бүгін сол туралы сөз қозғаймыз.
Қызметтік роман: кемшіліктері
Басқарушылардың пікіріне сүйенсек, көпшілігі кеңседегі қызметтік романды қолдамайды. Ғашық жандар бір-біріне көп уақытын арнауға тырысып, жұмысқа жеткілікті түрде көңіл бөле алмауы мүмкін дейді олар. Одан бөлек әр жұмыс орнында сатылы дәреже бар. Үйде еркектің рөлі жоғары болуы керек болса, жұмыста әйелінің қызметтік деңгейі одан жоғары болуы мүмкін. Мұндай жағдайда әйел жұмыс пен үйдегі рөлін шатастырмай, әр жерде өз орнын жақсы біліп, ұстанымы мықты болуы тиіс.
Қызмет бабында барлығын билеп-төстеп, үнемі әр істі өз бақылауында ұстап үйренген әйел адамға үйге келгенде мырзасына бас иген ибалы келіншек бола қалуы қиынға соғуы мүмкін. Егер әйел мұндай шеберлікті өз бойына сіңіре алмаса, үнемі дау туып отыруы ғажап емес. Ал егер ері мен зайыбы жұмыста бірдей шенге ие болса, олардың арасында бәсекелестік орнап, кей жағдайда оқиға шиеленісіп, қарым-қатынасқа кесірін тигізіп тынуы да ықтимал. Мұндай ситуациядан шығудың бір ғана жолы жұмыстағы мәселені жұмыста қалдырып, үйге келгенде әркім өз рөлін дұрыс ойнауы.
Қызметтік роман: артықшылықтары
Кеңселік некенің жақсы жақтары да бар. Басқа жұптарға қарағанда бірге жұмыс істейтін ері мен әйелінің ортақ тақырыптары көп болады, таныстары да, қызығушылықтары да, мәселелері де, мақсаттары да ортақ. Бірдей жұмыспен айналысу адамдарды одан ары жақындастыра түседі. Бір-бірінің дәл қазір немен айналысып жатқанын көзбен көріп, бірін бірі жақын таныған үстіне тани түседі. Көзін ала беріп қызғаныш туғызуға да орын бола қоймайды.
Мұндай некенің басқарушыларға да тигізер пайдасы бар. Себебі отбасының бюджеті сол мекеменің бюджетімен тікелей байланысты. Бір ұйымның ісі алға басып, табысы артуын бір отбасы болып уайымдап, ол үшін беріле жұмыс істеуге тырысады.
Ал сіз жолдасыңызбен бірге жұмыс істеуге қалай қарайсыз? Қандай артықшылығы мен кемшілігін қосар едіңіз?