- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- ҚР-ның Әуе қорғанысы...
ҚР-ның Әуе қорғанысы күштері туралы не білеміз?
Әуеде жүріп ел үшін жан аянбай еңбек ету көптің қолынан келе бермейтін іс. Авиация – әуедегі қарсыластың соққыларынан маңызды бағыттарды, аудандарды және объектілерді қалқалауға арналған Әуе қорғанысы күштерінің негізгі маневрлік әскер түрі. Біз алдыңғы материалда Әскери-теңіз күштері туралы айтқан болатынбыз. Бүгін Әуе қорғанысы күштері туралы жазғанды жөн көрдік.
ҚР-ның Әуе қорғанысы күштері Мемлекет басшысының 1997 жылғы 17 қарашадағы Жарлығымен құрылды. Биыл ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің құрылғанына 19 жыл толды.
«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күнін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының 2008 жылғы 17 сәуірдегі № 146 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күні – 18 тамыз болып белгіленді.
Әуе қорғанысы күштерінің құрамына: Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері және әуе қозғалысын басқару органдары кіреді. Олар еліміздің әуе шекарасын қорғау, мемлекеттік, әкімшілік және әскери нысандарды әуе шабуылына қарсы қорғау, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштерінің басқа түрлері мен тектерін авиациялық қолдау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындауға міндетті.
Әуе қорғанысы күштерінің негізгі тапсырмалары:
– Қазақстан Республикасының әуе шебін қорғауды қамтамасыз ету;
– мемлекеттік, әкімшілік және әскери объектілерді әуе шабуылынан қорғау;
– ҚР ҚК басқа да түрлері мен тектерін авиациялық қолдау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындау.
ҚР ҚК ӘҚК Әскери-әуе күштері қазіргі заманауи МиГ-31, Су-27, «С-295» ұшақтарымен, Ми-24 жауынгерлік тікұшақтарымен, Ми-8, Ми-17 и Ми-26 әскери-көліктік ұшақтарымен және «Еврокоптер ЕС-145», «Хьюи-2» ұшақтарымен қаруланған. Сонымен бірге әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері қуатты әрі заманауи зениттік-зымыран кешендерімен жарақталған.
Елімізде осы сала бойынша авиация мамандарын даярлайтын Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе Қорғаныс Күштерінің Әскери Институты бар. 1974 жылы ашылған оқу ордасы Инженер-ұшқыш, инженер-психолог, жалпы инженер, т.б. мамандықтар бойынша авиация кадрларын даярлайды.
Әуе қорғанысы күштері – Қарулы Күштеріміздің ең ұтқыр және техникалық жағынан жарақталған түрі. Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлерін әрдайым мақтанышпен айта аламыз. Олар өздерінің қол жеткізген табыстарымен еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға лайықты үлес қосып келеді.
Ж. Жұмағұлов