Әскери сала – ең маңызды салалардың бірі. Әскерилер дегенде көз алдыңызға арнайы киім киген, қатаң тәртіпті ұстанатын жандар елестейтіні анық. Біз бүгін көпшілік біле бермейтін қиын да қызықты ҚР Қарулы Күштерінің ішіндегі әскери-теңіз күштері жөнінде айтпақпыз.
2003 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрылымын одан әрi жетiлдіру жөнiндегi шаралар туралы» №1085 Жарлығы шықты. Осы сәттен бастап Әскери-теңіз күштері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке түрі ретінде қалыптасты.
2010 жылдың ақпан айында еліміздің Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғары Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысына Жауынгерлік Туды табыстады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері даму үстінде. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы» деген халыкқа Жолдауында ұлттык, қауіпсіздіктің және қарулы күштердің дамуы мен жетілуінің бағытын, әсіресе кәсіптік даярлықтың мөлшері көтерілуінің қажеттілігін және армияны қазіргі заманғы қару-жарақ құралдарымен қамтамасыз етуді ерекше атап айтқан болатын. Еліміз егемендік алған кезеңде мемлекетіміздің Әскери-теңіз күштерін құруға алғашқы қадамдар жасалды.
Қазіргі Әскери-теңіз күштерінің дамуында мамандар дайындау, заманауи қару-жарақпен қамту бағытына, сондай-ақ саланы жаппай дамытуға басымдық берілген. Кадрлар АҚШ, Ресей, Түркия, Қытай, тағы басқа ірі елдерде келісім-шарт негізінде дайындалады. Сондай-ақ әскери теңізшілеріміз Түркия, Корея, Германия, Пәкстан, Ресей, Әзірбайжан мемлекеттерінде білімдерін жетілдіріп, тәжірибе шыңдайды.
ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысына орай, Оралдағы «Зенит» зауытында әскери кемелер жасалады. Бүгінгі күнге дейін зауыттан отандық бірнеше кемелер мен катерлер көк теңізге шықты. Қазақстан әскери-теңіз күштері 1993 жылдың 2 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылды. Бастапқыда Ақтау қаласында әскери-теңіз базасы құрылды. 1999 жылдың шілде айында әскери-теңіз базасы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Теңіз бөлімдерінің құрамына кірді.
Әскери-теңіз күштерінің құрылымы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілген және мыналардан тұрады:
– басқару органдары;
– әскер тектері;
– арнайы әскерлер;
– тыл;
– әскери-оқу орындары.
Әскери-теңіз күштерінің негізгі мақсаттары мынадай:
– Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау;
– Агрессордың шапқыншылығына лайықты тойтарыс беру, қарулы қақтығыстарды оқшаулау және алдын алуға атсалысу;
– Порттық аймақты, мұнай табу нысандары орналастырылған жасанды аралдар және платформаларды қаса алғанда сулы аудандарды қорғау және күзету;
– Суасты-диверсияға қарсы қорғаныс жүргізу;
– Құрлықтағы әскерлердің қимылын теңізден қамтамасыз ету, теңіз десантын түсіруге жағдай жасау, әскерлер мен материалдық құралдарды тасымалдау, теңіз миналарын орналастыру;
– Еліміздің ӘШҚ мүддесінде теңіздегі радиолокациялық бақылауды қоса алғанда барлау қимыдарын жүргізу;
– Халықаралық келісімдерге сәйкес бірлескен қорғаныс бойынша Каспий жағалауы мемлекеттері әскери-теңіз күштерімен бірлескен тапсырмаларды орындау;
– Мұнай құйылған және басқа да азаматтық кемелерді шығарып салу. Теңізде жүру қауіпсіздігін навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз ету;
– Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікпен бірлесе теңізде іздестіру-құтқару жұмыстарын іске асыру;
– Қарулы Күштердің бөлімдері мен құрамалары және Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері, әскери құрылымдарымен бірлесе оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау;
– ҚР ҚМ Әскери-теңіз институтының базасында әскери-теңіз мамандарын даярлау;
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына табиғатты қорғау және бақылау міндеттерін орындау, сондай-ақ теңіздегі апат немесе экологиялық апаттың зардабын жою барысында көмек көрсету.
Теңіз флотилиясының басты міндеті – шекарашылармен біріге отырып, Қазақстанның Каспий теңізінің жағалауы арқылы өтетін мемлекеттік шекарасын күзету. Бұл міндеттің негізінде осы салада күн-түн демей қызмет атқарып, азаматтардың әрқайсысынан айрықша қажыр-қайраттың талап етілетіні анық.