Кейде басымыз аздап ауырып немесе көңіл-күйіміз түсіңкі болса, көп нәрсеге қол сілтей саламыз. Болмашы сылтаулар болашаққа ұмтылуға кедергі болады. Бірақ арамызда тағдырдың салғанына мойымай, тау басына шығып "мен мықтымын" деп жар салатын ержүректер де бар. Екі аяқтан айырылса да, өзіне деген сенімін жоғалтпаған мына жігіттің ерлігі сөзіме тұздық бола алады.
Кезінде велосипедте трюк жасаудан әлем чемпионы болған Мартин Эштон, бүгінде мүгедектерге арналған арбада отыр. 2013 жылы болған қайғылы оқиға оны тек екі аяғынан ғана емес, сүйікті ісінен де айырады. Алайда, табандылығымен талай шыңды бағындырған Мартин бар күш-жігерін жинап, велосипедіне қайта қонған.
Және видеодан байқаған боларсыздар, Мартин таудан жалғыз өзі құлдилаған жоқ. Жанында бір топ жанашыр досы болды. Олар кімдер? Олар – әлемге әйгілі велоспорттың жарқын жұлдыздары Дэнни МакАскил, Крик Экриг және Блейк Самсон. Екі жылдан кейін сүйікті ісіне қайта оралу батырға үлкен күш сыйлады. Ол тіпті, алдағы уақытта паралимпиада ойындарына қатысқысы келетінін айтқан.