Қоғамдық ортада қолайлы емес 10 әрекет # 2

Қоғамдық ортада қолайлы емес 10 әрекет # 2
Фото: amur.kz, Юрий Орлов

Қоғамдық ортада қолайсыз деп саналатын 10 әрекеттің тізімін жарияауды жалғастырамыз. Өз ортамызды өзіміз жабайылық пен көргенсіздіктен тазартайық. Қоғамдық орта қоғам өмірінің айнасы саналады. Біздің бар ұятымыз бен салт-санамыз және тұрмыс-тіршілігіміз бен әлеуметтік жағдайымызды бөтендер сыртқы ортамызға қарап таниды емес пе? Расында қазақ ұлты намысты бәрінен биік қойып, өлімнен ұятты күшті көретін ұлт па? Қоғамдық ортадағы бейәдеп әрекеттер осы сөзімізге неге кері келе береді? Қоғамдық орта тағы қандай әрекетерге жиіркене қарайды?

Басы

Ішімдік ішіп, шылым шегу

Лас суға тойып алып, есінен адасып сандырақтайтын, түтінін бұрқыратып темекі шегіп айналаны ластайтын ақыл мен ұяттан жұрдай адамдардың қоғамдық ортада еш сүйкімі жоқ. Заңды бес саусағындай білетін бүгінгі қоғам көшедегі осындай көріністерге заң арқылы нүкте қойып та жатады. Өйткені адамдар ішкіштің ессіздігін көтеруге міндетті емес.

Әлімжеттік жасау

Өзінен кішілерге немесе жалғыз кетіп бара жатқан жандарға әлімжеттік көрсетіп, қолындағы телефоны мен қалтасындағы ақшасын алып алатындар да қоғамның назарын өздеріне қаратып отыр. Оның ішінде жас қыздарды жыныстық қатынасқа мүжбүрлі түрде көндіретін арсыздар да бар. Мұндайды көрген көше «соқыр болсамшы» деп күйінетін шығар...

Рұқсат етілмеген жерден өту

Арнайы белгілерге мән бермей, көшені қалаған жерінде кесіп өтемін деп, түрлі апаттың болуына себепші жандарды да қоғамдық орта жақтырмайды. Жүргізушіге де, жүргіншіге де арнайы белгілер орнатылғанын, сол белгілер арқылы тәртіп сақтауын өтінгенмен пайда болар емес. Әркім өз білгенімен жүреді. Нәтижесі – қайғылы жайттар.

Қоқыс тастау

Айналаны қоқыспен ластау, тағам қалдықтарын қалаған жерге тастау арқылы әркім өз ортасын өзі әжетханаға айналдырып алады. Қоқысты арнайы орындарға тастауды әркім өзінен бастаса, көшенің көркі көз тартар еді...

Жол нұсқауға еріну

Жолынан адасқан немесе басқа өңірден келіп өздерінің көздеген межелі жеріне жете алмай қиналып тұрған адамға білгенімізше жол нұсқап жіберу бүгіндері қиын іске айналғандай. Қабағы қатулы қала тұрғындары естісе де естімей өтіп кетуге, біліп тұрса да жол нұсқап жіберуге қатты ерінеді. Мұның да қоғамдық орта үшін еш сүйкімі жоқ.

А. Әбілхан