Қоғамдық орта – қоғамдық қарым-қатынастармен тұрақты байланыста болатын адамның қоршаған әлеуметтік әлемі. Онда мен де бармын, сіз де барсыз. Сіз бен біз өмір сүріп жүрген заман бүгінде қазаннан қақпағы кеткен, итінен ұяты кеткен талай жағдайларға куә болып жүр. Өйткені санамыздың бар жеткен жері – сол. Ұйықтап жатқан ұяттары үнемі оянбайтын адамдардың арасында бір ауаны жұтып, бір жерді басып өмір сүріп жүрміз. Өйткені, мәжбүрміз. Екі аяқты адамдардың жұдырықтай миына қоғамдық орта түсінігі неге жетпейді? Қоғамдық орта қандай қылықтар мен әрекеттерге жиіркене қарайды?
Қоғамдық көліктерде жөн-жосықсыз телефонмен сөйлесу
Қоғамдық көлікті пайдаланатын адамдардың көбі таңертеңнен кешке дейін жұмыс жасайтын жандар. Олар таңертең адамдарға лық толы көліктермен қысылысып жұмысқа жетеді. Оның үстіне кептеліс те бар. Жұмыста да жүйкеге салмақ салып, кеш түсе үйлеріне қайтады. Осындай ауыр кездерде олар қоғамдық көліктерде жөн-жосықсыз телефонмен әңгіме соғып отыратын адамдарды мүлде жақтыра қоймайды. Телефонмен сөйлесудің де өз әдебі бар. Кез келген ортада «Тегін тарифке кіріп алған екенмін» деп құлақтан телефон тастамай жүрудің де әдепсіздікке жататынын білмейтіндер көп.
Жанжал мен ұрыс-төбелес шығару
Сананы тұрмыс билеген мына заманда біреудің сөзін біреу көтере алмайды. Бәрі де бала-шаға мен отбасының қамы үшін нәпақасын табудың жолын ойлап жүрген жандар. Осындай тіршілік адамдардың жүйкесіне де әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан жоқ жерден жанжал туындатып, арты ұрыс-керіске ұласатын оқиғаларға қоғамдық ортада адамдар жиіркене қарайды. Көшеде ұрыс-керіс пен ит жығыстар кімге ұнасын? Болмашыдан керіс шығарып, сабырға ашуды жеңдірудің орнына білегін сыбана жекпе-жекке шыға кететін адамдардың көше тәртібіне қайшы кеп жатқаны жүйкеге тиеді.
Өзгенің қалтасы мен сөмкесіне рұқсатсыз қол салу
Ұрлықпен жанын бағып жүрген адамдардың қолы жылдам болады. Адам көп орындарда осындай ойы арам жандар көп жүреді. Өздерінің арам әрекеттерін жүзеге асыру үшін олар неге болса да барады. Өзіне тиесілі емес затқа қол салып, жымқырып кететін адамдар ешкімнің көз жасына қарамайды. Олар тек өз пайдасын ғана ойлайды. Қоғамдық орта осындай арамниеттілерді сүймейді.
Түкіріп, қақыру
Адам бойынан шығатын қалдықтарды көшеге сындыру, көптің көзінше түкіріп, қақырудан арланбайтын қаншама адам бар. Қоғамдық ортаның шамына тиетін бірден-бір қылық та – осы.
Сүйісіп, аймаласу
«Ұят – жаман ойдың жүгені», - дейді Ж. Баласағұни. Тек некелі адамдарға ғана рұқсат етілген, оның өзінде ерлі-зайыпты өздері тек жеке қалғанда ғана айналысатын тәнге қатысты әрекеттің бірін де көшеде көрсетуге болмайды. Оған сүйісу де, аймаласу да, құшақтап, сүйкену де жатады. Көшеде бала да бар, қария бар. Мұндай ұятты дүниелерді қоғамдық ортада жария етіп, нәпсінің құлына айналған адамдарға өз қылықтары ерсі көрінбейтін болар. Бірақ бұл қоғамдық ортаның ең жиіркенішті әрекеті саналады.
Жалғасы...