Кинотеатр мәдениетті талап етеді

Жаңадан шыққан кинофильмдерді елмен қатар кинотеатрлардан асыға келіп көру сәнге айналғалы біраз болған. Үлкен экран, керемет дауыс және поп-корн... Құрметті оқырман, бүгін біз сіздерге кинотеатрға кино көрмекке жолдарыңыз түскен кезде өздеріңізді қалай ұстау керектігін және қандай этикетті сақтау керектігін айтпақпыз.

Кез келген қоғамдық орта мен әлеуметтік орындар мәдениетсіздік пен «жабайылыққа» күле қарайды. Өйткені үлкен қаланың тұрғындары бір қалада әрбір адамның ешкімге кедергісіз өмір сүргенін, ешкімге зиянының тимегенін қалайды. Мұндай мәдениет кез келген қоғамдық ортада сақталуы керек. Сол секілді кинотеатрларда да. Өйткені кинотеатр ғашығыңмен сырласып, артқы орында құшақ айқастырып отыратын орын емес.

Кинотеатрға кіммен бару керек?

Кино көруге кіммен келу керектігі жөнінде қатып қалған ешқандай да қағида жоқ. Бастысы өзіңізге жақсы серік болса болғаны. Әріптестеріңізбен, дос-жараныңызбен немесе сүйгеніңізбен келуіңізге болады. Көп жігіт қыздармен жаңадан қарым-қатынас бастап жатқанда алдымен киноға баруға ұсыныс жасайды. Осындай маңызды кездесулер кезінде ыңғайсыз жағдайларға түсіп қалмау үшін кинотеатр мәдениетін меңгеріп алғанның еш артықтығы жоқ.

Ең алдымен сыртқы келбетіңізге мән беріңіз. Киноға классикалық киімдермен баруға міндетті емессіз. Джинсы секілді күнделікті көше киімдерімен барсаңыз болады. Ең бастысы – киіміңіз таза, әрі жарасымды болғаны дұрыс.

Кинотеатрға поп-корннан басқа ішерге су ала кіруге де болады. Тек тамақ жеп отыруға болады екен деп жан-жағыңызды қоқысқа толытырып тастамаңыз.

Кинотеатрда қол-шапалақтай беруге болмайды. Өйткені алдыңызда тірі актерлер емес, картиналар ғана өнер көрсетіп жатыр. Сонымен қатар кинода өрбіп жатқан оқиғаларды айқайлап талқылауға және шектен тыс қарқылдап күлуге болмайды.

Өзгелердің кино көруіне кедергі жасамау керек. Олар да сіз секілді демалып кетуге келген.

Бұл киноны бұрын көргеніңізді, соңы қалай аяқталатынын білетініңізді айтып мақтанудың қажеті жоқ.

Сонымен қатар, кинотеатрда рұқсат жоқ:

Ұрысып, шатақ шығаруға;

Шулауға;

Жұрттың назарын өзіңізге аударуға;

Кино жайлы ойыңызды айта беруге;

Телефонмен жөнсіз сөйлесе беруге;

Бейәдеп қылықтар көрсетуге.

Ұқсас жазбалар: 

Театр мәдениеті деген не?

Әлемдегі ең үздік он кинотеатр