Қазақтың үйлену тойына байланысты туған даулы мәселелер #3

Қазақтың үйлену тойына байланысты туған даулы мәселелер #3
Фото: amur.kz

Қазақтың жиын-тойы мен думаны таусылмағанын, қуанышы мен жақсы жаңалығы арта бергенін шын қалаймыз. Бірақ той туралы оймақтай ой бүгінде әркімнің аузында, әрі санасында сайрандап жүр. Жаңа қосылған жасқа үйлену тойын дүркіретіп, көптен қалыспай жасап беру – бәрімізге сын. Бүгінгі қазақ тұрмысыңды тойыңа қарап танитын болған. Бірақ қазақтың ұлан-асыр жасап жатқан тойы тұрмысынан екі есе жақсы емес пе? Өйткені қазекемде «тыраштану» деген қасиет бар. Ал бүгінгі той-думанның басты дауы қандай?

Басы...

Тойдағы бейәдеп билердің дауы. Соңғы жылдары қазақ тойында киімі жөнсіз биші бикешердің сұранысы артып келеді. Бұл бала-шағасы мен тойдың қызығын көрмекке келген қонақты сыйламағандық болып табылады. Бала-шаға тұрмақ, қазақ қызының бұралған жалаңаш тәнін көруге кімнің болса да ұяты жібермесе керек еді. Той басқарушы асабаның ұйымдастыратын ыңғайсыз ойындары мен би жарыстырамыз деп етегін ашып есінен танатын ару қыздарымыздың тойдағы қылықтары бүгінгі саналы қауымды дүр сілкіндіріп отыр. Ежелден бергі келе жатқан қазақтың тойы осыншалықты төмендеп, түнгі клубтың деңгейіне түсіп кетерліктей халге жетуіне кімді кінәлау керек? Тойдағы ұяттан жұрдай шоуларды телефонға түсіріп, оны интернетке салып көпшіліктен көрімдік алғысы келетіндер бар. Олар салған бейнетүсірілім бүгінде әлеуметтік желілердің басты дауына айналып отыр. Жаңадан басталып келе жатқан мұндай қылыққа уақытында тұсау салу үшін жөні түзу жандар жоғары жақтан тойдың тізгінін түзейтін бір шара қолдануын сұрап жатыр. Ал тойда отырған еркектер қауымы аузы ашылып, әйелдер қауымы «ойбай» деп әлі отыр. Бала-шаға ше?

Көктен жұлдыз жауатын тойлардың дауы. Қалтасында ақшасы бары да, жоғы да үйлену тойға жұлдыз шақыруға қатты қызығатын болып жүр. Мұның анау айтқандай қорқынышты ештеңесі де болмауы мүмкін. Әрине, біреулер үшін. Бірақ жұлдыз келген қазақтың тойы шусыз өтсін бе? Екі жастың бақытына жиылған жұрт атақты әнші кіріп кеп, ән салғанда шынында да өздерінің мына жерге не үшін келгендерін ұмытып қала жаздайды. Төрдегі жұпты ұмытып, сахнада ән салып жатқан сүйікті (сүйікті болмаса да) әншісімен селфи жасап, суретке түсуге асығады. Соңынан қуып, биге шақыратындары да бар. Мұны «жабайылық» деуге бата алмайды да екенсің...

Қазақтың тойы осыншама даулы мәселелерді көтеріп жүргені сырт көзге аса білінбейді. Енді қараңыз: Жағдайы аса керемет емес егде жастағы әке мен шеше той үшін несие алады. Бұл – бірінші қиындық. Ұлының үйлену тойын көптен кем қылып жасамас үшін шашылады, төгіледі. Соның өзіне киілмейтін киімдердің дауы туындайды, сөз дұрыс берілмегені үшін туыстар ренжиді, тиісінше құрметтемегенің үшін құдалар ренжиді, күтіп алып, шығарып салмағаның үшін құрметті бастықтар ренжиді, тойбастардан сыбағасын ала алмаған көрші-қолаң өкпелейді, тойыңа пәлен мың долларға келген әнші жұлдызың бар назарын өзіне аудартып, тойдағы жұртты өзінің жеке концертіне жиналған тыңдарман етіп жібереді, киімі жөнсіз қыздар бұралып билеп, еркектерді елітіп, әйелдерін ренжітеді, жиналған қауым аз отырып, дастарханның жартысын жиып әкетеді... Бұл бүгінгі тойдың боямасыз көрінісі екендігіне сенесіз бе? Амалсыз сенуіңізге тура келеді.

Біз бұл жазба арқылы қазақтың үйлену тойының көлеңкелі тұстары мен қара дақтарын ғана жинап алып, жеккөрінішті етуді мақсат санаған жоқпыз. Тек бүгінгі тойдың сиқы туралы жұрттың аузында жүрген көңілтолмаушылық пен даулы мәселелерге мән бермек болдық. Сонда да, «не дейміз», қуанышы мен шаттығы таусылмаған қазақ шаңырағынан той тарқамасын!

Ұқсас жазбалар:

Қазақтың үйлену тойына байланысты туған даулы мәселелер # 2

Қазақтың үйлену тойына байланысты туған даулы мәселелер

А. Әбілхан