Көп адам қарым-қатынаста қандай құпия болуы мүмкін деген оймен шатасады. Адамдармен араласу – психологиялық тұрғыдан алғанда зор мән жүктейді. Ал сіз кіммен қалай араласу сырларын игеріп, барлық адамның тілін таба білсеңіз, өмір жеңілдей түседі.
Жаныңыздағы жанмен сөз таластырып, келісе алмай қалсаңыз, өз ойыңызды кимелей бергенше, сәл сабырлылық танытып, күтіңіз. Оған да, өзіңізге де ойыңызды сарапқа салып, дұрыс-бұрысын ақылмен бағамдауға мүмкіндік туады.
Егер қарсы пікір білдірушінің сөзі ұнамаса, оған қарсы сұрақ қойып, өзін сынап-мінеудің қажеті шамалы. Көзіне тіке қарап, үнсіз қалыңыз. Сонда сөзін жалғастыра ма, дереу аяқтай ма – өзіңіз куә боласыз.
Көпшілік қауыммен, тұтынушылармен жиі кездесетін болсаңыз, артқы жағыңызға айна қойыңыз. Сонда араласатын адамдарыңыз өзін мейлінше сыпайы ұстап, жағымсыз қылықтарын көрсетпейді. Себебі айнадан өзін көріп отырған жан жамандыққа баспайды.
Сұхбаттасыңыз жанжал шығарса, тым байсалды түр көрсетіңіз. Оның сөзін құлаққа ілмеңіз, өзін назарға алмаңыз. Сонда ол ашуланған үстіне ашуланып, сіздің ережеңіз бойынша ойнауына тура келеді.
Маңызды кездесулер кезінде қарсыласыңыз сізге ұнамсыз пікір айтады деп күмәндансаңыз, оның жанына не мүмкіндігінше жақын жерге отырыңыз. Еріксіз жақсы сөйлесіп отырған адам аяқ астынан сынға ала қоймас. Сізге деген көзқарасы сол сәтте өзгеруі де әбден мүмкін.
Кез келген тұтынушыңызға да, танысыңызға да сөйлер кезде, алдымен есімін атаңыз. Сонда араларыңызда жақындық, достық қарым-қатынас тез орнайды.
Ойыңызды жеткізу, дәлелдеу кезінде сөздеріңізді орны маңызды рөл атқарады. Ең алдымен мықты дәйек келтіріңіз, одан соң орташа деңгейде, ең құнды мәліметті соңына қалдырыңыз.
Біреумен кикілжіңге келіп қалсаңыз, "сен", "сіз" деп жағдайды шиеленістірмеңіз. Оның орнына "Меніңше", "Менің ойымша" деп ойыңызды жұмсартып жеткізіңіз.
Адаммен алғаш танысқанда жанарына тура қарап, көзінің түсін есте сақтауға тырысыңыз. Одан соң шынайы күлкімен жымиыңыз. Осылай алғаш көрген жанды бірден баурап алуға болады.
Танысыңызды көргенде шынайы қуанғаныңызды білдіріңіз. Санаулы секунд өткен соң, оның да дәл сондай ықыласын байқайсыз.
Кішкентай балалармен сөйлескенде, әрдайым оның ойын сұраңыз. "Сен қалай ойлайсың", "былай етсең қайтеді, әлде қаламайсың ба?" деген тәрізді тіркестер оны жадыратады. Өзіне өзі жауап бере алатын адам болып жетілуімен бірге, жағдайды өзі шеше алатынына риза болады.