Күнді бер жүрегіме, жарық күнді,
Бақытқа баяғыдай қарық қылғын.
Анау бір шал-шауқанның арасынан
Қартайған мен өзімді танып тұрмын.
Кәрілік көздерімді бақырайтып,
Арманның келді үйіме аты қайтып.
Аяймын өзімді өзім оңашада,
Қоямын өзіме өзім ақыл айтып.
Тұманбай Молдағалиев
Адам өмірі шегіне жете бастаған тұс – қартайған шақ. Бұл – өмір заңы. Оны ешкім өзгерте алмайды. Жас кезде миыңа кіріп те шықпаған біраз дүниелер кәрі атанған кезде ойыңды мазалайды. Бірақ ол кезде бәрі де кеш болады. Өйткені уақыт кері қайтпайды. Қартайғандар көбіне қай ісі үшін өкінеді? Нені кеш түсінеді?
Уақытты уысыңда ұстай алмайды екенсің. Адамдар көзді ашып жұмғанша есейіп ересек ғұмыр кешеді. Тіршіліктің тізгінін ұстай алмай жүріп қарттыққа тап болады. Жас кезде бұл уақыт ұзақтай сезілетін. Ал енді сол қамшының сабындай ғана өмірдің ұшына келгенде уақыттың безілдеп өте шыққаны байқалады. Уақыт бізге «үлгеріп қал» деп айтып, асықтырмайды. Өзінше өзен секілді ағып кете береді екен. Уақыттың қадірін қартайғаннан артық ешкім түсінбейтін де шығар.
Жас күнгі жалын да өшеді екен. Жас кездегі шарпыған жалын ешқашан өшпейіндей көрініп, лапылдап жана беріппіз ғой. Бүгін сол жалыннан өшкелі жатқан шоқ қана бар. Бір күні ауру қысып, жаным алқымыма тығылған тұста соңғы шоқты жел үрлеп ұшырар. Жас кезде жете түсіне бермейтін дүниелер бізді енді толғандырады. Бірақ енді қолымыздан келер не бар? Ол кездегі дәурен де, шабыт пен күш те жоқ қазір.
Дүние қуып жүре берген екенбіз. Дүниенің соңынан ереміз деп, жақын достың көңіліне кірбің салып, туған-туыстан да безіппіз-ау. Сондағы дүние ертең мен өлгенде таяқ сүйеп жылап тұра ма? Жаныма жолдас бола ма? Тиынды дәл төбемізге байлап алып, құр дедектей беріппіз-ау. Адам айлықтан-айлыққа жетем деп жүріп-ақ қартаяды екен ғой...
Денсаулықтың да қадірін білмеппіз. Жанымыз ауырып, дертіміз қозғанда ғана аурухана есігін жағалап, сап-сау денсаулығымызды құртып та алдық. Жас кезде аса білінбейтін дерт, қартайғанда жаныңды қысады екен. Сол кездегі сайран күндерден белгі боп тоз-тозы шыққан денсаулық қана қалды енді...
Жалғыздықпен жақын дос бола бастайсың. Жас кезде жалғыздықты жете түсінбеген екенбіз. Өйткені ол кезде жанымызға демеу болып, көңілімізге кірбің түсірмейтін жақын жандар көп еді. Ал қазір олар азайған... «Жалғыздық» деген сөздің осынша салмақты боларын білмеген екенбіз. Жаныңа жалғыздық қана дос болғанда тыныш өмір сүресің, ешкіме зияның тимейді. Осы жағы жақсы шығар, бәлкім.