Кез келген жұмысқа орналасар кезде еңбек өтілі сұралады. «Қызыл диплом алғаны үшін жұмысқа қабылдапты», «атақты университетті бітіргені үшін жұмысқа бірден алыпты» деген ұғымдар түсініктен шығып қалды. ЖОО-ны енді аяқтап, дипломын арқалап жұмысқа орналасу ниетімен келген түлектен бұрын қайда жұмыс істегенін сұрайды.
«Өзім университетті осы жылы бітірсем, менде еңбек өтілі қайдан болады?». «Тәжірибең жоқ деп жұмысқа қабылдамайтын болса, осыншама жыл бір диплом алу үшін несіне тыраштандым?». Бұл көпшілік студенттің ойы. Бұлай шамданып, жүйке жұқартудың қажеті жоқ.
Мойындаңызшы, көптеген оқу орындарында теория мен тәжірибенің ұштасқанын көру қиын ғой. Сіздің төрт-бес жыл бойы оқып келген іліміңіз жұмыс істеуде пайдаға аспаса, жұмыс барысын басынан бастап қайтадан үйретіп, теориялық білімді тәжірибеде қалай қолдануды үйрету қажет. Ешкімге де артық іс, артық проблема керек емес. Сол себепті адам өзінің қабілетсіздігі мен жолы болмайтынына қоғамды кінәламас бұрын өзі ертерек «оянып», әрекет еткен жөн. Заман талабы осы.
Оқу бітіріп, диплом алуды күтпей, жұмыс іздеңіз. 1-2 курста бөтен қалаға бой үйреткеннен кейін бірден қамданыңыз. Университетте оқып жүріп, шаңырақ көтеріп те, отбасы асырап та, жұмыс істеп те үлгеретін адамдарға көз салыңыз. Адам қаласа, қолынан келмейтін іс жоқ. Тек өзінің табанды мінезі мен мызғымас мақсаты болса болғаны.
Жұмыс істегіңіз келетінін, қандай іске қабілетті екеніңізді жақын-жуықтарыңыздың бәріне құлағдар етіп қойыңыз. Бір жұмыс орны босады, қызметкер қажет деген сөз естігенде оның есіне сап етіп сіз түсе қалатындай етіп жеткізіңіз.
Жұмысқа таныс арқылы кіріпті деген сөзге жалған намысыңызды қозғамай-ақ қойыңыз. Танысыңыз да сізді сол қызметке лайықты деп тапқан жағдайда ғана ұсынады ғой. Жауапкершілікпен атқара алатыныңызға сенімді болмаса, «сіз әкелген қызметкер көңілімнен шықпады» деген бастықтың назын есту кім-кімге де ұнамасы анық. Танысы арқылы кіріп, сол кісіні жаман атты етпеу үшін де барын сала жұмыс істейтін адам көп...
Жалғасы бар