Қызметте бәрі ойдағыдай, алайда жеке өміріңізде бір сұрақ мазалайды. Мүмкін бұл сұрақ «Достарым сүйгендерімен қыдырып кетті, мен әлі жұмыста отырмын» деген ойдың жетегінде пайда болған шығар. Өміріңізде бір төңкеріс орнап, жаңа парақ ашқыңыз келеді. Бірақ не кедергі?
Адамдармен таныса алмаймын
Бірақ достарым тез тіл табысқыш. Сіздің адамдарға деген көзқарасаңыз бірқалыпты. Бәріне бірдей қарайсыз. Мұның бәрі өткенмен тікелей байланысты. «Адамдар қатал, көңілге қарамайды» деген пікірмен әлі жүрсіз. Ол сізге көзәйнегіңізді ауыстыру керек деген белгі. Өмірге, айналадағы адамдарға басқаша көзбен қараңыз. Жаман қасиеттерді инені жіпке тізгендей көре берсеңіз, көзіңіз жамандықты ғана іздейтін болады. «Жанымда жүр жақсы адам» дегенді жаныңыздан шығармаңыз.
Жұмыста бір кезек бәрі мақтайды. Бірақ, бір қателік жасасам, сөгіс те әзір тұрады
Жұмыста бәрі мақтап, сіздің еңбегіңізді өзгелерге үлгі етіп, айтып жүреді. Бірақ кейде кішкентай ғана қателігіңіз жетістіктеріңізді су шайғандай алып кетеді. Мұның себебі неде? Себеп – өзіңізде. Қателеспейтін пенде жоқ. Сіз барлық пікірдің жақсы болғанын қалайсыз, үнемі мақтау естуді тілейсіз. Бірақ, бұл мүмкін емес. Сіз қателессеңіз де, бәріне көз жұмып қарау жұмыс берушінің талабына енбейді. Ол үшін «мен мұны мақтау үшін істеп отырмын» деген пікірден аулақ болыңыз. Өзіңізді соған сендіріп, ақыр аяғында өзгеше нәтиже көрсеңіз қиын болады. Ұмытпаңыз: сіз ата-анасынан мақтау күтіп тұрған бала емессіз.
Сәтсіздік мені іздеп жүреді
Сәтсіздік ешкімді іздемейді. Бұл – сіздің қиялдан шығарып алған суретіңіз ғана. Адам өзі барып ұрынады, соның нәтижесі ғана – сәтсіздік. Берілген істің бәрін 100% орындап, кем-кетігін жойып дайындасаңыз, өз еңбегіңізді дәлелдеп шықсаңыз, жалқаулықты жеңсеңіз, бәрін де жасай аласыз. Бұған сеніңіз және өзіңізді сендіріңіз. «Мен ғана қателікті көтеріп жүремін, үнемі менің жолым болмайды» немесе «жолым ауыр» деген түсініктерді өз аузыңызбен айтып тұрсаңыз, сәтсіздік сізді іздемей, кімді іздейді? Есіңізде болсын, адамның өзіне деген сенімі жоғалса, көп нәрседен құр қалады.