Жеті атасын білген ер...

Жеті атасын білген ер...
Фото: im8.asset.yvimg.kz

Жаһандану заманында жастары түгел үлкендері жеті атасын біле бермейтін жағдайларды жиі кездестіріп жүргендіктен, ұлдарымыз ата-тегінің кім екенін біле жүруі үшін Кіші жүз рулары тарихына қатысты материалдарды беруді жөн санадық.

Қазақ отбасында балаға туыстарын, нағашыларын, ата-бабасын, жеті атасын олардың өмірін, руын айтып отырады. Өз руының үлкен бабасы туралы айтады. Бұл баланы өскенде өз туыстарын жақсы білуге, сыйлауға үйретеді. Қазақтың баласына жеті атасын үйретудегі мақсаты – туысқанына үйленіп қоймасын дегені. Сондықтан әрбір қазақ жеті атасының есімдерін білуге міндетті болған.

Ата-ана баласына кіммен (қай румен) қыз алысуға немесе тұрмысқа шығуға болатынын үйретеді. Бұл тәрбиенің қазақ отбасында мәні зор.

Қазақ тілінде «халық» деген сөздің өзіндік мән-мағынасы қалыптасқан. Белгілі бір елдегі, мемлекеттегі, мекендегі адамдар жиынтығын халық деп атайтын үрдіс бар. Ал «қазақ халқы» сөзінің мән-мағынасы – жүздік және жүзден тыс этноқұрылым аясындағы «мен қазақпын» дейтін барша адамдардың жиынтығын білдіреді.

Араб  тілінде «жүз» біртұтас нәрсенің бөлігі, саласы деген ұғымды береді. «Жүз» этнонимі түрік тілінде кең және тар мәнде қолданыла береді. Адамның беті, келбеті деген сөзге қатысты «келбеті келген адамнан кеңес сұра» деген қанатты сөз бар, яғни бет жүзі келісті адамның жаман болмайтынын меңзесе, заттардың бөліктерін білдіретін сөздер: қылыштың, пышақтың, қанжардың жүздері сияқты сөздер тұрмыста жиі кездеседі. Осы сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Олай болса, «жүз» бір нәрсенің бөлігі. Кең мәнде «жүз» атауы географиялық ұғым. Түріктер кең-байтақ жерлерін табиғи-географиялық ерекшелігіне қарай үшке бөліп, ежелден қоныстанған. Оның әр бөлігін «жүз» деп атаған. Табиғаттың заңдылығына сәйкес, оларды шығыстан батысқа қарай санаған: Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз.

Қазақ хандығын құру барысында ұлттық-мемлекеттік негізді бекемдеу үшін ру-тайпалық құрылым жаңаша жүйеленді және осы үрдіспен қатар «ноқта ағасы», «аға баласы», «қара шаңырақ иесі»  институты да ел ішіндегі әлеуметтік қатынастарды реттеу үшін белгіленді. Бұлай танылған әулет-аталар мен ру-тайпалар тек қана қазақ этноқұрылымдарына ғана тән.

Қазақтың этноқұрылымдық жүйесінденоқта ағалары: Ұлы жүзде – жалайыр, Орта жүзде – тарақты, Кіші жүзде – табын, аға балалары: Ұлы жүзде – ошақты, Орта жүзде - арғын, Кіші жүзде - әлім тайпалары, қара шаңырақ иелері:Ұлы жүзде – албан, Орта жүзде – қыпшақ, Кіші жүзде – шөмекей екені баршаға мәлім.

Кіші жүз құрамындағы тайпалар: алты ата Әлімұлы - шекті (жаманақ), төртқара (қарамашақ), қарасақал (айнық, тегінболат), қаракесек (ұланақ), кете (бозаншар, тайқожа, түменқожа), шөмекей;  он екі ата Байұлы – адай, жаппас (алтын), алаша, байбақты, беріш, қызылқұрт, таз, есентемір, масқар, ысық, шеркеш, тана; жеті ру – телеу, рамадан, тама, табын (ноқта ағасы), кердері, керейт, жағалбайлы. Барлығы 25 тайпа.

Кіші жүз ру-тайпаларын жинақтап «Алшын» деп атау шежіреде жиі кездеседі. Әдетте шежіреде текке қатысты деректер көп нұсқалы болып келетіні белгілі. Ата-тек мәселесін анықтау үшін мұндай шежіренің тек қана ел ішіне кең тарағанын ғана негізге алған жөн. Шежіренің қай нұсқасын алып қарамайық бәрінің түпкі идеясы бір жерден шығып, ұлтты біріктіру идеясына бағытталғанын көре аламыз.

Ел арасына кең тараған аңыз бойынша Кіші жүз Жанарыстан (Бекарыс деп те атайды) – Ораш, одан – Мөңке, одан – Шаншар, одан – Тұлпар, одан – Тоқпан, одан – Алау, одан – Алшын туады. Алшыннан – Нәдірқожа, Қыдырқожа, Сәдірқожа туыпты.
А.Сейдімбектің Маңғыстау облысы, Шетпе кенті, Жыңғылды ауылының тұрғыны Алшын Меңдалыұлынан жазып алған деректері бойынша: «Алшынның бірінші баласы Нәдірқожадан – Қаракесек туады. Сол Қаракесектен өрбіген ұрпақ ішінде тайпа дәрежесіне көтерілгендері: шекті (жаманақ), төртқара (қарамашақ), қарасақал (айнық, тегінболат), қаракесек (ұланақ), кете (бозаншар, тойқожа, түменқожа), шөмекей. Осы алтауын жинақтап «Әлімұлы» дейді.

Алшынның екінші баласы Қыдырқожаға мал көп біткен адам екен, сонысына орай былайғы жұрт оны «Бай» деп атап, одан өрбіген ұрпағын да «Байұлы» деп кеткен. Сол Қыдырқожадан – Сұлтансиық, Қыдырсиық, Бақтысиық туған. Сұлтансиықтан – Байбақты, Алаша, Масқар, Тана, Қызылқұрт туады. Қыдырсиықтан – Ысық, Жаппас, Беріш, Таз, Есентемір, Шеркеш туады. Осыларға қыздан туған Адай қосылып, «Он екі ата - байұлы» болады.

Алшынның үшінші баласы Сәдірқожадан – Арғымақ, одан – Телеу, Рамадан, Табын, Тама, Кердері, Керейт, Жағалбайлы туған. Бұл жетеуін жинақтап «Жетіру» деп атайды». Міне осыдан келіп «Алты ата - әлім», «Он екі ата - байұлы», «Жеті ата - жетіру» шыққан деген қорытынды жасайды.

kyzdaralemi.kz

@. @assel_assanova