Ата-бабамызға «Үйлену оңай, үй болу қиын» көрінген еді. Ал бүгінгі заманда үйлену де, үй болып, үй алу да қиын. Қазіргі кезде бас қосқан жастардың ендігі басты мәселесі – жеке меншік баспанаға қол жеткізу. Осы жолда қарызға кіріп несие алғандар да, жер сатып алып үй тұрғызып жатқандар да, үй тұрғызу түгіл жоспарлауға да шамасы келмейтін қаражаты жоқтар да, үйдің қамын ойлауға асықпайтын қалтасы тесіктер де бар. Кең даланың қай бұрышына болса да отау тігіп жүре беретін көшпенді халықтың бүгінгі ұрпағына титімдей де тегін жер бұйырмайды. Сол үшін де баспаналы болу мәселесі өмірімізге сіңіп кеткен бе?
Өз үйінің болғанын ер адамдарға қарағанда әйел адамдар қатты армандайды. Олар отбасылы болған соң өзге адамның шаңырағында немесе жалға алған пәтерде тұрғысы келмейді. Өйткені оған еркіндік керек. Оның үстіне бір үйде екі әйелдің басы пісе қоймайды. Сондықтан әйелдер қауымы туысымен қосылып болса да бір үйде тұрғанға қарсы келіп жатады. Ал ер адамдар баспана салуға не сатып алуға қаражат жинау үшін достарының немесе туыстарының үйінде бірге тұра беруден арлана қоймайды.
Өз баспанасы бар адамдар өзін сол үйде еркін, әрі жайлы сезінеді. Қалаған кезінде демалып, қалаған кезінде қаражаттың болуына байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізе алады. Өз үйінде күш жинап, өз үйінде түрлі шешім қабылдайды. Өз ұясында көбейіп, бала-шағасының қанатын қатайтады. Ұядан ұшырады. Үйі барлар басқа бір жаққа қыдырып барғанда да өз шаңырағына келгенше асығады. Баспананың сондай күші бары рас, енді. Сенің үйің сенің қуанышыңа да, қайғыңа да куә. Ішімізде және отбасымызда не болып жатқанын ең құпия ұстайтын да – өз үйің.
Біз жұмыстан шаршағанда, адамдардан жалыққанда да үйге қашамыз. Бәріміздің оралатын жеріміз де – сол. Кеш батқанда ата-анасы мен бала-шағасы қауышып кешкі тамақ ішіп отырған сәтте шаңырақ та шаршағанын басып бір демалып қалатындай көрінеді. Үй көпшілікті, бала-шаға мен берекені жақсы көреді.
Үйдің қадірін кім түсінбейді?
- Жұмыстан өзгені ойламайтындар;
- Үйден басқа жерден жанына жайлылық тапқандар;
- Шетелге саяхатқа шыққанды сүйетіндер;
- Үйден тыныштық таппайтындар;
- Көшіп-қонуды ұнататындар.
Ал үйдің қадірін кім түсінеді? Әрине, үйі жоқтар ғана!