2016 жылы 12 тамыз күні сағат 11.00-де Алматы қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде Қазақстанның барлық аймағына Алматы қаласы және облысынан Ұлттық ұлан қатарына Отан алдындағы борышын өтеу үшін аттанып, қызметтерін өткеріп жүрген сарбаздар скайп жүйесі арқылы онлайн-режимде ата-аналарымен байланысқа шығады. Бұл шара қоғамдық тәртіп әскерінде өтіп жатқан «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған!» атты науқан аясында ұйымдастырылып отыр.
Осы күні 100-ден аса сарбаздар ата-аналары мен жақындары Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөліміне (Алматы қ.) келіп, жауынгерлердің өмірімен, тұрмыстық жағдайымен танысатын болады.
Шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов, Алматы гарнизонының әскери прокуроры, Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, сонымен қатар 2015 жылғы желтоқсан мен 2016 жылғы маусымда Алматы қаласы және облысынан шақырылған жауынгерлердің жақындары қатысады. Айта кетейік, аталған мерзімде Алматы қаласынан және облысынан Ұлттық ұлан қатарына Отан алдындағы борышын өткеру үшін барлығы 2000-нан аса жас өркен аттанған.
Жуырда Ұлттық ұланда бастау алған «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған!» атты науқаны аясында әскери-патриоттық бағыттағы көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланған. Соның бірі – Ұлттық ұлан басшылығы мен әскери бөлім жетекшілерінің сарбаздар ата-аналарымен кездесуі және оларға перзенттерінің әскери борышын қандай жағдайда өткеріп жатқандығын өз көздерімен көруге жасалған мүмкіндік.
Кездесу барысында ата-аналар алдында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов сөз сөйлеп, қоғамдық тәртіп әскерінің жауынгерлік қызметі мен атқаратын міндеттері жайлы түсіндіріп, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарына жауап береді. Сондай-ақ, қонақтардың назарына балаларының сәлемдемесі жолданған бейнежазбалар ұсынылып, перзенттері қызмет атқарып жатқан әскери бөлімнен тікелей байланыста хабарласуға мүмкіндік туады. Тағы бір айта кетерлігі, шарада Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріндегі Әйелдер кеңесінің контактілері беріледі, осы нөмірлер арқылы ата-аналар алдағы уақытта ұлдарының қызметі қалай өтіп жатқанын өздерінен біле алады.
Одан бөлек, ата-аналарға әскери бөлімге экскурсия ұйымдастырылуда, яғни олар бөлім аумағын, сарбаздардың жатын орнын, асханасын, медициналық лазаретін көріп, қару-жарақ және техникасын да тамашалайды.
Атап өтерлігі, бұл шара Қазақстан Қарулы Күштері арасында алғаш рет Ұлттық ұланда өткізіліп отыр. Бұған дейін аталмыш эстафета әскерге Қостанай және Ақмола облыстарынан шақырылған сарбаздардың ата-аналарымен өткен болатын. Жылдың соңына дейін осы тектес кездесулерді ҚР Ұлттық ұланының барлық әскери бөлімдерінде өткізу көзделуде.
ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік
қолбасшылығының баспасөз қызметі