- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Жастарға әскери-патриоттық тәрбие...
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру
Кез келген ұлттың ұлылығын айтып, тарихи ерліктерін жырласаң, оның бойында ерекше мақтаныш сезімі пайда болып, ұлы тарихы мен Отанын қорғау жолында күш-қайрат танытатын болады.
Мақалада қозғалған ұлан-ғайыр алқаптың мәдени жағынан да, географиялық орналасу жағынан да теңдессіз мекен екендігі аса бір мақтанышпен айтылады. Елбасы:
«Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген», - дейді.
Ұлы Еуразия даласын мекендеген көшпенділердің ұрпағы әлемдік өркениет жүзінде өшпес із қалдырып кетті. Осынау өркениетті аттың жалында қорғап, осы күнге дейін жеткізуінің өзі оның жауынгерлік рухын көрсетсе керек. Қанша аласапыран, алмағайып ауысқан, қоныс аударған зұлматты дәуір үстемдік құрса да, құрып кетпей туын тіккен туған атамекенде қоныстап қалуы, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты қорғап қалуы оның батырлығын, ерлігін танытады.
Бұл жайында Елбасы:
«Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», - деп тіл қатады.
Демек, Атамекеннің қарыс қадамын барымта салғызбай қорғап қалу үшін әскери рухыңды көтеруің қажет. Атамекен саған қашанда рух береді. Өз жерінде айқасқан адамның жеңістен ада қалуы мүмкін емес. Биыл Қазақстан жерінде өткен Халықаралық әскери ойындарда қазақ әскерінің алғашқы орынға сап түзеуі өз мекенінде шынайы жауынгерлік қасиетін көрсете алатындығын танытты. Әскери сарбаздарымыздың қырағылығы мен кәсіби шеберлігін, Отан алдындағы қайсарлығын танытты.
Ұлы мәдениет пен ұлан-ғайыр аумақты сақтап қалуға деген түйсік әрбір қазақстандықтың жүрегінде түптеліп, күнөлтіп жатуы тиіс. Сондықтан Отанды қорғауға деген парызың санаңа оралған тұста, ұлы мәдениет пен өшпес тарихтың ұланы екендігіңді ұмытпау қажет, сол арқылы рухыңды шыңдауың керек.
Мектеп оқушылары жыл сайын әскери бөлімшелер мен ішкі істер қызметі бөлімдерінде экскурсияға барады. Қоғам мен Отанды қорғаушылардың қызметімен танысады. Ал қызығушылығы туған жасөспірім әскери борышын өтеуге деген, әскери қызметкер атануға арманы, сүйіспеншілігі пайда болады. Мұны балалардың өздері де, ұстаздар да растайды.
М. Ақан