Тақырыпты оқып, санаңызға бірден «ақылға қонымсыз» деген ой келген болар. Бірақ бұл шындық.
1902 жылы америкалық Чарльз Хэтфилд өте құпия саналатын, жаңбыр шақыруға арналған құрылғы ойлап тапты. Ақиқатына келсек, бұлай деуімізге шебердің өзі себепкер. Аталған құрылғы ішінде 23 түрлі зат қайнатылып, атмосфераға тарап, жаңбырды шақыруға арнайы жасалған. Арада екі жыл өткеннен кейін Ч.Хэтфилд өзінің жарнамасын жасай бастады. Сол кездің өзінде Калифорниядағы шаруа қожалықтары өздерінің егістіктерін аман сақтап қалу үшін жаңбырды сатып алуға аз ақша төлемейтінін шебер жақсы түсінді. Осыдан ол өзінің жарнамасын жан-жақты жүргізе бастады. Жарнама жақсы жүргеннен кейін Чарльз өзінің ағасы Поламен бірге егістік жанына келіп алып ағаштан мұнара тұрғызады. Тәжірибе жасау кезінде мүлде сәтсіздік болмаған. Арада аз ғана уақыт өткеннен кейін күн бұлттанып, аспаннан тамшылар түсіп, жаңбыр жауа бастаған. Осыдан шебер алғашқы табысын тапты.
«Жаңбыр сатушы» лақап атымен таныла бастаған шеберді алыс-жақын елдің бәрі шақыра бастады. Тіпті шебердің өзі ойлағаннан да тапсырыс көп болып шықты. Мәселен, 1915 жылы Чарльз 10 мың долларға келісім шарт жасасқан. Келісім бойынша ол, Сан-Диегодағы алып су сақтаушы бөшкені толтыру керек болған. Ең қызығы, шебер сөзінде тұрып, алып су сақтаушы бөшкені толтырған. Толтырып қана қоймай, жаңбырды молынан жаудырып Сан-Диего даласына шығын да алып келген. Тоқтаусыз жауған жаңбырдан су тасқыны жүріп, жиырма шақты адам көз жұмған. Ал қалаға 3,5 миллион долларға татитын шығын әкелген. Осы әрекетінен кейін Чарльз сотқа шақырылып, жауапқа тартылған.
Қуанышқа орай Хэтфилд сотта жеңіп шыққан. Оған себеп үкім шығарушы тарап шебердің бұл әрекеттерін жай ғана табиғатпен сәйкестік деп тапқан. Шындығында осы жағдайлардан кейін шебердің атағы шарықтай бастады.
1929 жылы Гондурас елінің билігі де шеберге тапсырыс берген. Оны орманда орын алған тілсіз жау – өртпен күресуге шақырған. Хэтфилд 500-ге тарта тәжірибе жасап, барлығын сәтті аяқтаған. Оның ойлап тапқан кәсібі 20-30 жылдардағы Ұлы күйзеліс кезінде тоқтады. Бұл Ұлы күйзеліс АҚШ жерінде орын алғанын, елдің дағдарысқа ұшырағанын еске сала кетейік.
1958 жылы шебер Чарльз өмірден өтті. Ол жаңбыр жаудыратын құпиясын өзімен бірге ала кеткен. Тіпті ешкім ол өлгеннен кейін бұл құпияның сырын аша алмаған. Тек түрлі алып-қашпа әңгімелер ғана бар.