Ұялы телефонымыздың сәні болған суреттеріміз бен бейнероликтеріміздің тұрағына айналған Инстаграм әлеуметтік желісінің қоғам үшін кері әсері мен тура міндеттері жайлы жазбамызды жалғастырамыз.
Басы...
Инстаграм – селфи
Селфи деген – өзін-өзі суретке түсіру. Инстаграм желісінің көп бөлігін селфи суреттер құрайды. «Ғалымдардың дәлелдеуінше» деген әңгімені қосып қойып, адам өз бейнесін өзі суретке түсіріп тұрған сол секундтарда ойындағы бар проблемасы мен уайымынан арылады екен деп жатады білетіндер. Сондықтан ба, кім білсін, бүгінгі қоғамның қорғанышына айналатын жастар өзінің суреттегі бейнесіне тым ғашық. Селфи дегенде ең қауіпті әрі экстрималды орындар мен көптің аяғы баса бермейтін биік ғимараттардың үстінде тұрып селфилететін жүрекжұтқандар еріксіз еске түседі.
Инстаграм – жұлдызды аспан
Қазақ эстрада «көгінің» барлық дерлік жұлдызы – Инстаграмның тұрақты тұрғындары. Халық өнер жұлдыздарына осы әлеуметтік желі арқылы жақындай түсуде. Осыған дейін ешбір әлеуметтік желі халық қалаулылары мен жұлдыздардың тарапынан қолдау таппаған. Бірақ Инстаграмның жолы болды! Бүгінде бұл желі эстрада жұлдыздары мен басқа да атақты тұлғалардың ортақ ермегіне айналды. Жұлдызды журналдар мен жұлдызды телебағдарламаларды асыға күтіп отыратын көрермен мен тыңдарман енді инста-әлем арқылы өздерінің сүйікті (және сүйікті емес) жұлдыздарының не ішіп, не киіп, кіммен кездесіп, қандай көңіл күйде жүргенін және қай жақта демалып жатқанын өз көзімен көріп отыра алатынына өздерінше мәз. Олардың парақшаларын бұзып өз аттарына аударып алғандары мен «Фейк-парақшалармен» аңқау халыққа жұлдыздың атынан сурет салатындары жайлы айтпасақ та болатын шығар. Жұлдызды суреттердің астындағы күлкілі әрі мәдениеттен жұрдай пікірлер де оқып отырған адамның ішін пыстырмайды.
Инстаграм – насихат
Инстаграм желісі арқылы кейбіреу қолданушыларды спортқа, салмақ тастауға, желілік жұмыстармен айналысуға, иманға келуге және тіл білуге насихаттап та үлгереді. Әйткенмен мұның нәтижесі де жаман емес.
Инстаграм – кездесу мен қоштасу
Әуежей мен темір жол вокзалдарында, дәмханалар мен асханаларда, сауда орындары мен көңіл көтеретін орындарда кездесіп қалып, сурет салып «лүпіл» жинайтындар да осында. Айтпақшы, бүгінгі ата-ана өз баласының кіммен кездесіп, кіммен жүргенін және не киіп, не жеп жүргенін қашықтықтан инста-әлем арқылы хабардар болып отыратын болған.
Инстаграм – кеңестер клубы
Жаңадан тұрмыс құрған немесе құрғалы жатқан қыз-келіншектерге, оқуға түскелі жатқан талапкерлер мен оқуды бітіріп жұмыс іздеп жүрген түлектерге, жылжымайтын мүліктер мен жер иеліктерін алуды көздеп жүрген немесе жалдамалы пәтер іздейтін тұрғындарға, ана болған немесе жүкті әйелдерге, шетел асқалы отырған азаматтар мен көлік жүргізуді үйренгісі келетін жандарға арналған кеңестер клубы да инста-әлем беттерінде оқырман үшін үздіксіз жұмыс жасап жатады.
Инстаграм – пиар
Әлдекімнің атын шығарып, даңқын көтеру үшін де инстаграмның көмегі керек болған қазір. Жер өртеп шығарған аттан, инстаграм арқылы пиар жасап шығарған ат жақсырақ емес пе?
Ұқсас жазбалар:
Қазақ жұлдыздары балаларының Instagram желісіндегі рейтингі
Кішкентай егіздер instagram «жұлдызына» айналды