Өмірдің түрлі белестерінде жолдары екіге айрылып, әрқайсысы өз жолымен кеткен ескі достар бірін-бірін ойда жоқ сәтте көріп қалып жатады. Мұндайда кейбіреу үшін айтатын әңгіме көп болса, ал енді басқалары үшін ортақ тақырып табыла қоймайды. Мұның себебі екі адамның білім-танымдары мен әлеуметтік жағдайлары өзгергеніне немесе ортасы өзгергеніне тікелей байланысты. Ендеше, біраз жылдар бойы көрінбей кеткен ескі жолдасыңызды көргенде өзімізді қалай ұстау керегін бірге үйренейік.
Дұрыстап амандық сұрасудан бастаңыз. Әдепті елдің баласы екендігіңізді танытып ізетпен сәлем беріңіз. Қос қолдап та, құшақ айқастырып та сәлемдесуіңізге болады. Қайтсеңіз де жарасады. Өйткені біраз жылдан бері көрінбей жүрген танысыңызды сағынып қаларыңыз рас.
Амандық сұрасып болған соң, отбасының жағдайын сұраңыз. Бірден «Не істеп жүрсің?» «Неге жоғалып кеттің?» «Неге хабарсыз кеттің?» деп алқымынан ала бастамаңыз.
Ескерту: егер ескі танысыңыз сізден кезінде қарызға ақша алып, жоғалып кеткен болса, бірден қарызыңызды сұрай салмаңыз. Әрине, оны сіз де әлі ұмыта қойған жоқ шығарсыз? Бірақ жағдай сұрасып сағыныштарыңызды баса алмай тұрғанда сол салмақты тақырыпты қозғап, оны ыңғайсыз жағдайға түсірмеңіз.
Содан соң қандай іспен шұғылданып жүргенін, қай жақта тұрып жатқанын сұрастырыңыз. Сұрақты жаудырта бермей өз жайыңызды да айта отырыңыз.
Ескерту: өз тұрмысыңызды айтарда өтірікке жақындамаңыз. Не бар – соны айтыңыз. Өзіңізді аянышты етіп те, шылқыған бай етіп те көрсетіп, асыра айтып жүрмеңіз.
Егер уақыты болып жатса, үйіңізге дәм ауыз тиюге шақырыңыз. Өз отбасыңызбен таныстырғыңыз келетінін айтыңыз. Болмаса жақын маңдағы дәмханаға кіріп, тамақтанып отырып өткен-кеткен жайында сөз қозғап, өмірлеріңізде болып жатқан жаңалықтарыңызбен бөлісіп отырыңыздар.
Егер ол (немесе сіз) қатты асығыс болып тұрса, әлі де ескіріп қалған достықты жаңғыртуға ниетіңіз барын айтып, телефон нөмірін алып қалыңыз.
Ұқса жазба:
Қандай досқа сенуіге болмайды?
Жақсы дос болу үшін...