Қазақ танымы үлкен бір жатқан ілім. Себебі оның ішіне дәстүр мен салт, ғұрып, әдеп, иба, тәрбие бәрі кіреді. Болмысынан көшпелі жұрттың басты ұстанатын заңдылығы дала заңы. Тек отырықшы халыққа айналып, күн көріс төрт қабырға ішіне байланғалы бәрі өзгерді.
Қазақ ұғымында ер адам түздің адамы. Яғни аң аулау, үйдің сыртындағы ауыр тірлік, еңбек күші бәрі ер адамның қолында тұр. Ал үй ішіндегі, қазан-ошақ қасындағы жеңіл жұмыстар әйел затына тән. Бұл қалыптасып қойған, солай болып қалған түсінік. Дегенмен дамыған еуропа мәдениеті санаға сіңіп, ер мен әйелдің орны қайсы екені ажыратылмайтын қоғам келді. Әйел мүддесі қорғалып, олардың дәрежесіне ермен бірдей болатын заман келді.
Қазақ қыз баласын құл не күң қылып ұстаған емес. Керісінше ханымдай күтіп, төрден орын беріп қастерлеген. Себебі ол ұлттың айнасы. Бірақ оның өмірлік міндеті де жоқ емес. Ол жоғарыда біз атап өткен үй шаруасы. Ал ер адамға отбасын асырау және жақсы өмірге ұмтылу қағидасын ұстану басты талап.
Жаугершілік заманда батырлар киіз үй сыртында жүріп дау шешкен. Тек үлкен жиын мен шайға және ұйқыға кетер шақта ғана ішіне кіріп, жарының қасында болған. Ал қазір төрт қабырғадан аса алмай жүрген жігіттер де жоқ емес. Еуропалық түсінікке салсақ, ер адамның тамақ істеуі, үй тазалауы, әйелдің жанына әрдайым табылуы қалыпты жағдай ғана емес, джентельмендік. Яғни екеуінің құқығы тең болғаннан кейін бір жұмысты екіге бөліп жасауы міндеттеледі. Ал бұл қағида қазақ дәстүрі мен заңына сай келе ме. Бірден жауапты «жоқ» дейтініміз анық. Алайда қазіргі қоғамның көзқарасымен бұл шынымен де қалыпты жағдай болар.
Мәселен жігіт жеті күннің бес күнінде өз жұмысын жасап, отбасын асырау үшін үй көрмесе, қалған екі күнде қалып жарына көмектесіп, үй шаруасына араласқаны жөн де шығар. Ол міндетті түрде тамақ жасау, үйді тазалау емес, жарының әлі келмейтін ауыр заттарды көтеріп, бала-шағасының қасында болуы. Бұл ақылға сәл де болсын қонымды. Бірақ әйелмен бірге жұмыс жасай жүріп, қазақ-ошақтың басынан кетпейтін ерлер жайлы не дейсіз?
Қыздар жағы осы бір сәтті ескеріп көріңізші, еріңіз сіз жасап берген тамаққа разы болмай, «сенен мен артық жасаймын ғой!» деп отырса қандай күйде боласыз? Дәл сол секілді ер адамға « бір шеге де қаға алмайсың ба?» деп айтып көріңіз, намысына тиері анық.
Еуропа мәдениеті әрине өз дегенін жасайды. Дегенмен саналы түрде алып қарасаңыз, ердің ез болып кетпеуі тікелей әйел затына байланысты. Бастысы ол ошақ қасында табылу керек қай кезде, жылулық алып келген кезде, сағынып келген кезде. Қалған уақытта сол жылулық әкелу үшін еңбек етіп, түзде жүріп іс тындырғаны мың артық.
Сіз қалай ойлайсыз, оқырман қыз? Сіз сүйіктіңіздің қазан-ошақтың басында жүріп бірдеңе үйреткенін қалайсыз ба, әлде бергеніңізді жеп қана, маңдайыңыздан иіскеп жұмысқа кететін азаматты қалайсыз ба?