Ер азаматтар қашан да әйелінің жұртпен қатар жұмыс істегенін қалай бермейді. Өйткені әр отбасының өз ішкі асханасы бар. Жұбайының жұмыс жасауына рұқсат бермейтін ер азаматтардың бұлай ету себебіне үңіліп көрейікші.
Ең бірінші себеп – қызғаныш
Жарын сырт көзден қатты қызғанатын ер адамдар оның көпшілікпен жұмыс жасауына үзілді-кесілді қарсы келіп жатады. Әсіресе, ұжымында ер адамы көп жұмыс орындарына жібермеуге тырысады. Ол әр таң сайын әйелінің айнаға қарап сыланып жұмысқа кеткен кезінен бастап, кеш батып ол үйге оралғанша арам ойлап, көңілі жай таппайды. Болмашыдан ұрыс шығарып, көлденең көздінің бәрінен күдіктеніп, отбасының берекесін қашырады. Одан да үйде отырып, өзін ғана күткенін қалайды.
«Өзім асыраймын, сен үйде бала тәрбиеле!»
Әйелі мен бала-шағасының барлық қажеттілігін өтеуді мойнына алған ер адам өз жарының таңнан-кешке дейін үздіксіз жұмыс жасауын қаламайды. Сөйтеді де, «Ақша табу – менің міндетім» деп оны үйде отырғызып қояды. Әрине, күйеуі тауып жатса, сол ақшаны керегіне жаратып, жанын күтіп, бала-шағасының қамын күйттеп отыру қай әйелге ұнамасын? Тек «Өзім асыраймынға» салынып, қомақты айлық алатын әйелін үйге қамап, өзі оларды асырауға шамасы келмей жататын ер адамдар да бар. Әйелдер қауымы жағдайын жасап берсең, жұмыс жасамай-ақ өмір сүруге дайын.
«Сен жұмысқа шықсаң, жағдайымыз жасалмай қалады»
Көбіне жұмыс уақытысы қас қарайғанда аяқталып жатады. Сондықтан әйелдер қауымы үйіне кеш қайтуға мәжбүр. Жол-жөнекей балаларын мектеп пен балабақшадан алып, үйге келем дегенше күйеуінің аш асқазаны «шу» ұйымдастырып жатады. Қарны ашқан кезде қабағы ашылмайтын ер адамдар мұндайда ашуға мінеді. Уақыттың жетіспеу салдарынан мұндай кезде кейінге қалдырылған жуылмаған киімдер мен шашылған үй де жүйкесіне тиіп тұрады. Ер адамдар үйге келгенде жайлылықты сезінбесе, көңіл-хошы болмай жүреді. Осындай кезде олар әйелінің жұмыс жасамайтын кезіндегі жан рахатын сағына бастайды. Сөйтеді де, жарынан ертеңнен бастап жұмыстан кетуге арыз жазуын талап етеді.