- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Біреуге ұнамай қалудан...
Біреуге ұнамай қалудан қорқу
Әлдекімнің көңілінен шықпай қаламын ба, ұнамай қаламын ба деген қорқынышпен өмір сүру өте қиын. Бұл қиындықпен күресуге психолог мамандар кеңесі көмектеседі.
Өзіңізді сия дағы сияқты сезініңіз
Роршахтың атақты тесті есіңізде болар. Ақ парақ бетіндегі бір қара сияға қарап, не көріп тұрғаныңызды суреттеу керек. Барлығы ақ парақты емес, қара дақты ғана айтады.
Біреудің бойындағы жақсы қасиет әлдекімге ерсі боп көрінуі мүмкін. Мысалы үнемі басқаларға жақсылық жасап жүретін жанды біреулер қайырымды адам деп жақсы көрсе, енді біреулер жағымпаз деп ойлауы мүмкін, енді біреулері өзіне ертеңгі күні керек болған соң ғана жүгіріп жүр деп ойлайды, тіпті біреулер өзіне қатысы жоқ істерге басын сұға береді деп жаратпайды. Адам өзі қандай болса, басқаларды да солай қабылдайды. Сізді жаман деп қабылдаса, демек өзі жаман болғаны. Біз көбінесе мінез-құлқы өзімізге ұқсас адамдарды жақсы көреміз.
Сіз білмейтін жағдай көп
Сіздің тұлғалығыңызға, сырт адамдарды қабылдауыңызға бірнеше жағдай әсер етеді. Әркімнің өз ісі, өз мәселесі, өз көңіл күйі бар. Әлдекімде жұмысында қиындықтар туындаған шығар, біреу жақынымен ренжісіп қалған болар әлде жай ғана шаруасы басынан асып жатқан шығар. Ішіне кіріп-шыға алмайтын болған соң, не жағдай болып жатқанын білмейсіз. Ол сізге қалай жауап беретіні сол сәттегі жағдайға байланысты болуы мүмкін, ал жеке басыңызға еш қатысы жоқ. Кейде өзіңіздің қораштығыңызды еске алып тұруға бұл да пайдалы.
Өзіңіздің қате ойыңызды анықтаңыз
Біз көбінесе кереғар пікірдің құрбаны боламыз. Өзгелердің жағымсыз пікірін өзіміз туралы деп қабылдаймыз, барлық сөзі мен реакциясын өзімізге тигізіп қалғысы келді деп ойлаймыз. Бұл бейсаналы түрде жүреді. Жағдайға тіке қарап көріңіз. Қаншалықты әділеттісіз? Керісінше, ештеңені жүрегіңізге жақын алмай, маған қатысы жоқ деп ойлаңыз.
Бейтарап пікір мен жағымсыз бағалауды ажырата алатындай болыңыз
Дұрыс түсініп, ажыратып білмесеңіз, жаныңызды жайсыздық билейді. Адам не дос екенін, не қас екенін көзімен, сөзімен білдірмесе, оның сізге деген көзқарасы қандай екенін біле алмайсыз. Сол себепті біраз әңгімені жағымсыз жағынан қабылдауымыз мүмкін. Мұндай жағдайда өзіңіздің әлемге деген көзқарасыңызды анықтаңыз. Өз ісімен айналысып жүрген қарапайым адам сізден бойын аулақ салғысы келетіндей көрінсе, бұл сіздің ойыңыз ғана.
Елестетіп көріңіз. Сізге бір мезгілде әлемдегі 7 миллиард адамның барлығымен араласуға мүмкіндік туды. Олардың неше пайызы сізбен жақсы араласуы мүмкін? Әрине, 100 пайыз емес. Шамамен 70 пайызы сізді жақын тартып, 30 пайызы дұрыс араласпауы мүмкін. Бұл шамамен 2 миллиард адам. Енді осы адамдар сізге өмірде әртүрлі жерде кездесуі мүмкін. Адамның барлығының бірдей көңілін табу мүмкін емес. Мұны тек дұрыс түсініп, ары қарай алға баса беру керек.
@. @assel_assanova