Махаббатта жолы болмай, сыңарын табуда адасып жүрген ер азаматтар өміріне жиі өкпе артады. Олар өміріне де, қыздарға да өкпелі. Не үшін? Үйленбей жүрген жігіттерді ренжітетін қандай қыздар? Ғұмырлық бақытын кезіктіре алмай, кезіктірсе де өз басына қондыра алмай жүрген азаматтардың арызын тыңдап көрелікші!
«Қыздарға тек байлық керек!»
Бұл арызды айтуға, әрине, қалтасы қалың емес жігіттер әуес болады. Мұндай жігіттердің көбі қыздардан көңілі қалғандықтан, олардың тек байлыққа ғана құмар екендігіне ренжиді. Өзінің қолында көзге түсерлік дүниесі болмағандықтан, қыздың көңілін баурай алмадым деп ойлайды. Сөйтеді де бақуатты жігіттің қымбат көлігінде күлімсіреп кетіп бара жатқан сүйгеніне ренжиді. Олар қызға ғана емес, өзіне және өз тағдырына налиды.
«Менің ғана айтқаныммен жүретін қыз жоқ!»
Әрине, осы сөзбен қорқытып алсаңыз, сізбен өмірлік отбасы құруға кез келген қыздың жүрегі дауаламайтыны белгілі ғой. Отбасы болған соң ер адамның сөзі өтімді, әрі шешуші болады. Бірақ бұл үнемі отбасында тек ер адамның ғана айтқаны бола береді деген сөз емес. Кейбір жағдайлар әйел адамның ақылына да қарап қалады. Әйел адам да өз отбасы үшін дұрыс шешім қабылдай алады. Әйткенмен, отбасындағы бірінші орын да, екінші орын да, үшінші орын да – еркектікі. Оған ешкімнің дауы жоқ. Ал дауы барларға текке ренжи бермеу керек. Ер адамның ғана айтқанымен жүретін қыз көп, тек солардың ішінен таңдаулысын іздеп жүрген – өзіңіз.
«Қыздар романтиканы жақсы көреді, ал мен жек көремін!»
Сүйгеніне арнап ән айтып, өлең шығару, күн сайын гүл беріп, хат жіберу, от-шашу атып, жүзік сыйлау. Жоқ! Мұндай істің бәрі кез келген ер адамның қолынан келе бермейді. Біреулердің оған қаражаты мен уақыты жетсе де олай жасамайды. Өйткені, бұл олар үшін шектен шыққан романтика. Романтик емес жігіттер қыздың көңілін дәл сол романтикамен жаулап алуға болатынын білмейді. Білсе де, романтикалық әрекеттерге бармайды. Себебі жек көреді. Оған қыз ренжиді, романтиканы күткен қызға жігіт ренжиді.
«Қыздар табиғи түріне қанағаттанбайды»
Жігіттердің сексен бес пайызға жуығы арулардың бетін әрлеп, бояп, сыланып жүргенін ұнатпайды. Олар үшін табиғи келбет маңызды. Ал қыздардың тек өздеріне ғана көрінетін өз бойындағы кемшілігі бітпейді. Соны жасырамын деп түрлі жасанды дүниелерге жүгінеді. Әйткенмен жігіттер қыздардың бояумен сұлуланатын әдісіне әжептәуір ренжиді. Ал боянбаса «Онша емес қыз екен» деп көзге де ілмейді. Сонда қыздар қайтсін?