Боранбайдың Қабанбайға тұлпар таңдауы

Боранбайдың Қабанбайға тұлпар таңдауы
Фото: qamshy.kz

Құланбайға жазған хаты

Әуелі ұшбу хаттың басында бұл елге Қабанбайдың қонаққа келіп жатқанын, батырға жорыққа мінетін ат керек екенін, ол ат басқа жерден емес, Құланбай жылқысынан табылады деп үміт етіп отырғанын тәптіштеп келді де, одан ары болашақ тұлпардың сынына тоқталды:

«Биіктігі өзіңдей болсын, местігі өзімдей болсын. Желгенде екпінімен жел ессе, аяңы Қазыбектің сөзіндей болсын. Құлағы қамыстай болсын, ерні талыстай болсын. Екі көзі – ботаның көзіндей, шекесінің арасы қарыстай болсын. Қабағы – бүркіттің қабағындай, шықшыты бураның сағағындай болсын. Жылқыңыздан осындай бір тай табылса, мүсіні менің қойған талабымдай болсын. Жануардың жалы жібектей болсын, қасқа тісі күректей болсын. Мойны қаздың мойнындай, жігері бабына келген түлектей болсын. Белдемесі қанаттай болсын, жаясы жалпақ, алапты болсын. Бір көргендер үш көрелік, осындай сұлу, жарақты болсын. Сауыры құлындай болсын, кекілі балаға қойған тұлымдай болсын. Ерегесте ер серігі болатындай, ел есінде қалатындай, өңі-түсі біріңғай болсын. Денесі шымыр болсын, тұяғы жұмыр болсын. Қуғанда құтқармайтын қайыспас тұғыр болсын. Құйрығы төгіліп тұрсын, талданып сөгіліп тұрсын. Самсаған қалың қолдың ішінде тұрпаты ерек бөлініп тұрсын. Тілерсегі төмен, екі бұты алшақ келіп, артынан қарағанда төс сүйегі көрініп тұрсын!» – деп сәлем хатты аяқтады да, дереу қол-аяғы жеңіл бір жігіттен Құланбайға беріп жіберді.

zheruiyq.kz

М. Ақан