Бастығынан құтылғысы келетіндер болашаққа бару керек. Бұл болашақта компанияларда басшылар болмайды деген сөз. Блокчейн технологиясына негізделген жаңа ұйымдастыру жүйесі туралы айтқан Америкалық Never Stop Marketing агенттігінің жетекшісі Джереми Эпшейн осындай пікірде.
Оның айтуынша болашақта басқарудың жаңа моделі пайда болады. Ол әзірге орталықсыздандырылған автономдық ұйым деп аталады. Онда бас директор да, вице-президенттер де жоқ. Онда жалпы басқару құрылымы жоқ. ОАҰ – бұл компьютерлік кодтардың, блокчейннің, адамдар мен ақылды шарттардың комбинациясы.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Компания акционерлеріне токендер тиеселі болады. Олар токендер арқылы компанияның әрбір шешіміне «иә», «жоқ» деп дауыс береді. Мысалы сіз компанияға жұмысқа тұрсаңыз, сізбен жобалық келісім-шарт жасалады. Шарттағы талаптарға токен арқылы компания иелері дауыс береді. Егер басым дауыспен «иә» басылса, жұмысқа қабылданасыз.
Жұмыс барысында міндетіңізді орындай алмасаңыз, дедлайннан кешіксеңіз, әріптестеріңізбен жиі жанжалдассаңыз, әдетте мәселе компанияның ішкі тәртібіне қарай шешіледі. Немесе бастығыңыздың алдына бір кіріп шығасыз. Бастық туыс, танысыңыз болса сөйлесуге, кешірім сұрауға, тіпті, көздің жасын көлдетіп кешірім алуға да болады. Ал ОАҰ-да ондай мүмкіндік жоқ.
Токендердің иелері немесе акционерлер сізге берген дауыстарын қайтарып алады. Егер дауыс белгілі мөлшерден төмен болса, онда жұмыстан кетесіз. Амал жоқ, жұмысты өз уақытында, сапалы орындауға, ұдайы біліктілігіңізді арттырып отыруға мәжбүрсіз.
Көпшілігіміз нашар бастықтармен жұмыс істеуге мәжбүрміз. Олар компаниядағы проблеманы қатардағы қызметкерден кейін біліп жатады. Ал жаңа жүйеде әр қызметкердің ісі бағаланады. Жаңа жйүенің қашан іске қосылатыны белгісіз. Жүйені таныстырған Джереми Эпшейн бұл туралы ашып айтпады.