Әйнек пен резеңкеден жасалған өмір

Әйнек пен резеңкеден жасалған өмір
Фото: hochu.ua

Кішкене кезімізден қолына 4-5 алма не шар ұстап, жоғарыға кезек-кезек лақтырып, көз ілеспес жылдамдықпен қағып алып (жонглирование), ойнап отыратын адамдарды көріп өскен болармыз. Қазақтар бұл ойынды «Қақпақылдау» дейді. Біздің өмірімізді тура осы ойынға балауға болады. Бұл сөзді Coca-Cola компаниясының бұрынғы директоры Брайан Дайсон айтқан.

«Өмірді бес шардан тұратын «қақпақылдау» деп елестетіңізші. Бұл шарлар – Отбасы, Денсаулық, Жұмыс, Достар, Жан дүние. Осылардың барлығы қатар жүруі тиіс.

Көп ұзамай Жұмыс шары резеңкеден жасалғанына көз жеткізесіз. Оны абайсызда уысыңыздан шығарып алсаңыз, бір секіреді де, қайтып келеді. Алайда басқа төрт шар – Отбасы, Денсаулық, Достар және Жан дүние әйнектен тұрады. Олардың біреуін қолдан шығарып алсаңыз, шытынайды, сызат түседі әлде мүлде қалпына келмейтіндей боп қирап қалады. Ешқашан дәл бұрынғы күйіне келтіре алмайсыз.

Осыны шын жүрегіңізбен түсініп, ешқашан қате қадам баспауға тырысуыңыз керек. Жұмыс кезінде өнімді де тиімді қызмет атқарыңыз. Бірақ жұмыс уақыты аяқталысымен жылы ұяңызға асығыңыз. Жұбайыңызға деген сезіміңіз күн санап тасып тұрса, ол да шаңырағыңыздың берекесін кіргізіп, мейірім мен махаббатқа бөлері анық. Отбасыңызға, достарыңызға, өз рахатыңызға толыққанды уақыт бөле біліңіз. Құндылық бағаланған кезде ғана құнды!»

@. @assel_assanova