Астың дәмін келтіретін тұз болса, екеуінің де дәмін келтіретін – білгір аспаз. Аспаздық – өз алдына бір сала, мамандық. Өнердің түрі көп. Дегенмен астың қадірін білу, дәмін сезіну, адамға тағам арқылы қуаныш сыйлай білу – басқа дүние.
Тұрмыста ас үйдің сәнін келтіруші әйел заты болғанымен, асты ерекше етіп дайындау ер адамдардың қолынан жақсы келеді. Себебі оларда табиғи дарын мен қабілет болады. Оның өзінде ер адам тамақты күнделікті дайындай бермейтіндіктен, олардың бір реттік жасаған асы барынша махаббатпен туындайды. «Аспаздық – ең оңай жұмыс, ас үйде жүріп қарның ашпаса болды» дейтін ой да болуы мүмкін. Бұл – қате пікір. Аспаздық – ең қауіпті мамандық.
Шығыс үлгісіндегі асхананың шеф-аспазы Өмірбай есімді жігіт былай дейді:
- Аспаздық – ер адамның қолынан келетін үлкен өнер. Тегінде әйел затына тән болғанымен, ас дайындаудың ең жоғары шебер үлгісін жасай алған – ерлер қауымы. Дегенмен достарым "аспазсың ғой, күнде қарның тоқ, түрлі дәмнің арасында жүресің ғой" деп әзіл аралас мұқатып жатады. Бірақ түсінген адамға аспаздық – ең ауыр әрі қауіпті мамандық.
"Неге?" дейтін сұраққа былай жауап берейін, аспаз ешқашан тоқ жүрмейді. Тек өзін тоқ жүрмін деп сезінеді. Бұл барлық аспаздық өнеріне байланысты болмайды. Франция мен Италияның шеф-аспаздары мұндай жағдайға ұрынбауы мүмкін. Яғни олардың құрылғылары ыс пен иісті барынша жоғалтып жібереді. Және олардың тағамдары негізінен отты көп қажет етпейді. Ал менікі шығыс үлгісіндегі асхана болғаннан кейін осы салада жүрген жігіттерге "абай болыңдар" дер едім. Себебі таңнан кешке дейін ас үйдің айналасында жүретін аспаздың асқазанына ыс түседі. Яғни отқа қуырылған астың ысы асқазанды кептіріп тастайды. Ал ол асқазанға май секілді қышқыл бөліп, қарынды тоқ қылып тұрады. Бұл – сіздің ырқыңызға бағынбайтын үрдіс. Сіз үнемі тоқ жүрген секілді боласыз. Былай күндері де, өзіңіз тамақ жасап болғаннан кейін өзіңіздің тамағыңызды жегіңіз келмей қалады ғой. Бұл ешқандай да өз туындыңыздан бас тарту емес, сіз ысқа алданып қалдыңыз. Осы ыстың ортасында ұзақ жүре беріп, ақыры тамақ жеуден қалып, асқазан жарасына тап боласыз. Тіпті арамыздан кеткен аспаздар да жоқ емес. Олардың дерті – осы ыс болды.
Сөз соңында шеф-аспаз барынша мұқият болуды және уақытында тамақтанып жүруді ұсынды.
Ескермейтін дүниеден дерт тауып алмас үшін әрбір дүниеге мән беріп қарау керектігін ұмытпаңыз, жас дос!