Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында көрсетілгендей, әр азамат өзінің елін қорғауға міндетті және бұл ер жігіттің қасиетті парызы. Осы қағидаға сәйкес, жауынгерлерді әскерге қабылдау, Отан алдындағы борышты өтеу, еліміздің қарулы күштерін қуаттандыру саясаты жоспар бойынша жүзеге асып келеді
18 жасқа толған Қазақстан Республикасының әрбір азаматы әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Ал оның мерзімі міндетті түрде 1 жыл болуы шарт па? 40-42 күнде әскери машықты үйреніп, қалай билет алуға болады? Осы жайында айтатын боламыз.
Уақыттың тапшылығынан ығыры шығып, оның маңыздылығын бағалай білетін қазіргі қоғам өз өмірінің жоспарын ерте бастан құруды негізгі қағида деп біледі. Сол себепті, 1 жылдың бағдарламасын 40-42 күнде үйрететін әскери-техникалық мектептегі жауынгердің қатарын толықтырады.
Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде дерлік әскери-техникалық мектеп бар. Тек Қостанай мен Ақтауда жоқ. Қостанайлық азаматтар Петропавлда, ақтаулықтар Атырауда оқиды. Әр азамат әскери-техникалық мектепке елімді қорғаймын, соған дайын болуым керек деп барады. Бұл – ер жігіттің Отан алдындағы борышын өтеп қана қоймай, елі мен жерін қорғауда бәріне дайын болуды мақсат тұтатын азаматтығы.
Басынан бастап әскери техникалық мамандар даярланды. 2010 жылдан бастап әскери оқытылған резерв дайындайтын болдық. 30 мыңнан астам әскери техникалық мамандар дайындалса, 2010 жылдан бері 40 мыңнан астам азамат резервте тұр. Әскери техникалық мектепте Елбасының, ХХ Қазақстан халқы Ассамблеясының шешімі бойынша әскери-патриоттық орталықтар жұмыс істеп келеді. Ел болайық десек, патриоттар керек бізге. Еліміздің "Мәңгілік ел" идеясы бос сөз болып қалады, біз патриотты дайындамасақ, патриоттық тәрбие жастарға бермесек, - деді ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектеп бастығының орынбасары, генерал-майор Марат Наұғыманов Қорғаныс министрлігінің online-брифингінде.
40 күндік әскерге қабылдау ережелері:
• 2017 жылдың 15 маусымындағы өзгертулер бойынша, азаматтың жас мөлшері 24-27 жас аралығында болу керек;
• егер, осы талапқа сай келсеңіз, тұрғылықты жеріңіз бойынша қорғаныс істер бөліміне арыз жазасыз;
• медициналық комиссиясың тексерісінен өтуге міндеттісіз;
• 263 318 теңге мемлекеттік ақы төленуі шарт.
40 күндік әскердің артықшылығы қандай?
• 10 ай 20 күнді үнемдейсіз;
• егер отбасылы болсаңыз, 18:00-06:30 аралығында, аптаның барлық күнінде үйіңізге барып-қайтуға мүмкіндік бар;
• 1 жылдық әскердің тексеріс комиссиясынан денсаулығыңызға байланысты өте алмай қалсаңыз, 40 күндікке келуге мүмкіндік бар. Бұндағы медициналық комиссияның тексеріс талаптары жеңілдетілген.
40 күн ішінде жауынгер не үйренеді?
• әскери өмірмен танысады;
• казармалық тәртіпке үйренеді;
• бекітілген уақыт аралығында 2 рет сынақ алаңында ату жаттығу жұмыстарынан өтеді;
• күнделікті әскери сабақ, дәріс тыңдайды;
• тактикалық, саптық, оқ ату тәжірибесінен өтеді.
40 күн әскери мектепте сарбаз 15 пән бойынша білім алады. Оның ішінде тактика, әскери топография, барлау, оқ ату және т.б. бар. Соңында пәндер бойынша емтихан тапсырады. Сертификатқа ие болған жауынгер бұл құжатты, бірінші кезекте жергілікті жердің қорғаныс бөліміне өткізеді. Сертификат мекемеге тапсырылған күннен бастап 30 күн ішінде әскери билет дайын болады және бұл құжатты азамат халыққа қызмет көрсету орталығынан алады. Бұл билеттің көмегімен, сарбаз еліміздегі кез келген әскери бөлімшелер мен құқық қорғау органдарында жұмыс жасай алады. Әскери билет Қазақстан Республикасы аумағында ғана жарамды. Егер азамат шетелге көшіп кеткен жағдайда, сол елдің әскери бөлімінде қызмет атқаруға міндетті. Сонымен қатар, жоғарыда айтқан 263 318 теңгенің ішіне киер киім, жатар орын, 3 уақыт тамақ кіреді.
Ер азаматтың өз борышын қысқа мерзімде жүзеге асыру мүмкіндігін 2013 жылы еліміздің Парламент депутаттары ұсынған. Мектепті енді бітірген 18 жасар бозбалаға қарағанда, санасы толығып, жоғарғы оқу орнын аяқтаған 24 жастан асқан азамат әскери дәрісті тез, ұғынықты қабылдайды. Сонымен қатар, оқу жолында көп уақытын сарп еткен азаматтардың әскерден тыс қалмасы үшін осы бағдарлама ұйымдастырылған.
Әскери-техникалық оқу орындарының мекенжайлары және байланыс мәліметтері