Елдің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін әскерге алынған әрбір азаматтың өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі – әскери ант қабылдау. Бұл ежелден келе жатқан және әлемнің көптеген елдерінде сақталған салтанатты шара. Әскери ант беру дәстүрі тарихи жағдайларға, ұлттық болмысқа қарай әр елде әрқалай өтсе де бәрінің мақсаты – Отан алдындағы борышын өтемес бұрын жас сарбаздан серт алу. Ол нендей серт? Ол – жауынгердің Отанына, халқына, үкіметі мен өзінің әскери борышына адалдығы турасындағы серті.
Әскери анттың мәтінін мемлекет заңды тұрғыда бекітіп, барлық әскерилерді дәл сол сөздерді айтуға міндеттейді. Айтылатын сөздерінің мағынасы бір болғандықтан, әскери анттар бір-біріне ұқсас келеді. Дегенмен, әр елдің бұл шараға арналған өз мәтіні бар. Әдетте олар адамға үміт пен рух сыйлайтын, жүрек тебірентерлік сөздерден тұрады.
Мысалға, бауырлас Түркия мемлекетінің жауынгерлері ант бергенде мынандай сөздер айтады: "Бейбітшілік пен соғыс кезінде де, жерде, теңізде және әуеде, әр кез және әр жерде мен өзімнің ұлтым мен Республикама адал әрі шын махаббатыммен қызмет етуге ар-нымысыммен ант етемін. Мен заңдарға, ережелер мен сардарларыма бағынамын. Түрік байрағының даңқы мен әскерінің намысын өз өмірімнен де жоғары қоямын. Егер қажет болса, елім, республикам мен борышымның жолында өмірімді құрбан етуге дайынмын". Ал, көршілес Ресей әскерилері: "Мен (тегі, аты, әкесінің аты) өзімнің Отаным – Ресей Федерациясына адал болуға салтанатты түрде ант етемін. Оның Конституциясы мен заңдарын сақтауға, әскери жарғыларын, командирлер мен басшылардың бұйрықтарын қатаң түрде орындауға ант етемін. Әскери борышымды лайықты түрде өткеріп, Ресейдің, халқым мен атамекенімнің еркіндігін, мемлекетімнің тәуелсіздігі мен конституциялық құрылымын ерлікпен қорғауға ант етемін", - деген ант береді.
Қазақстан Республикасының әскери анты 1992 жылы Қарулы Күштер құрылғаннан кейін жазылған және Президенттің 1992 жылғы 25 тамыздағы Жарлығымен бекітілді. Антта мынадай сөздер айтылады: "Мен, Қазақстан Республикасының азаматы (тегі, аты, әкесінің аты), Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып ант қабылдаймын және Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзімнің егемен мемлекетімнің Конституциясы мен зандарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін. Өзіме жүктелген міндеттерді, әскери жарғыларды және командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын бұлжытпай орындауға, әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге ант етемін. Әскери істі дәйекті оқып-үйренуге, әскери және халық мүлкін мұқият ұстауға, әскери және мемлекеттік құпияны қатаң сақтауға ант етемін. Мен өз Отанымның, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік мүдделерінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға ант етемін. Егер мен өзім қабылдаған әскери антты бұзсам, онда Қазақстан Републикасының заңдарында белгіленген қатаң жазаны кешуге әзірмін". 1992 жылдың күзгі әскерге шақыру кезеңінен бастап жас сарбаздар ант берерде осы мәтінді оқитын болды. Мемлекеттік құжат ретінде әскери ант сарбазды өзінің борышын адал орындауға, әскери білімін жетілдіруге және оған тапсырылған қару-жарақты ұқыпты ұстауға міндеттейді.
Айта кетерлігі, елімізде ант беру рәсімі салтанатты түрде өтеді. Оның уақыты әскери бөлімнің командирімен бекітіледі. Бұл шараға ант берушілердің туыстары мен достары келе алады. Белгіленген күні әскери бөлімде Қазақстан Республикасының байрағы мен жауынгерлік ту көтеріліп, сарбаздар салтанатты киімін киіп, қаруын асынып сап түзейді. Жауынгерлерге әскери антты қабылдау жайында нақыл сөз айтылып, оны сақтаудың маңызы түсіндіріледі.
Одан кейін сапта тұрған әр сарбаз жеке-жеке шақырылып, әскери анттың мәтінін көпшілік алдында дауыстап оқиды. Барлық жауынгер ант бергеннен кейін Қазақстан Республикасының әнұраны шырқалып, оркестрдің сүйемелдеуімен әскери бөлімшелер көпшілік алдынан салтанатты маршпен жүріп өтеді. Сол сәттен бастап, олар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына қосылады.
"Жігіттің екі сөйлегені – өлгені" дейді халқымыз. Әскери ант бір рет беріледі, ал оны бұзу – өліммен тең.