Әдетте «әскер» сөзі құлағымызға естілсе, көз алдымызға бірден таяқ жеп, қорлық көріп жатқан ер жігіттер елестейді. Неге? Оған кінәлі – сол жігіттердің өзі. Олар сөйлескен адамына:
– Әскерден кеткім келеді.
– Мұнда барлығы қиын.
– Үнемі ұрып-соғады.
– Ойға сыймайтын әрекеттерімен жүйкені жұқартады деп, шағым айтады.
Сонда олар әу баста өзі қабылдаған шешімге қарсы шыққаны ма? Болмашы қиындықтарға бір-ақ жыл төзе алмаса, ер азамат атын арқалап жүргені қайсы?
Әскер – жай ғана «Отан алдындағы борышымды өтедім» деген сөзді айту үшін баратын жер емес, бозбаланың бойына нағыз ер азаматқа тән қасиеттер мен ірі мінездер қалыптастыратын мекен.
Әр жаманның бір жақсылығы болады. Тек соны көре білер көз бен сезіне білер жүрек керек.
Ер азаматтың бойына батырлық мінез дарыту үшін отқа да, суға да салынып, шыжғырылып, сыналатыны белгілі. Әскерден жейтін таяқтан қашқандар оны азаматтық жай өмірде де көруі мүмкін. Тіпті әскердегіден де сорақы төбелеске тап болуы ықтимал.
Армияда қарсыласқаннан пайда таппайсыз. Қанша соққы алсаңыз да, үндемей көнсеңіз, жәбір көрсетушілер назарынан да алшақтайсыз. Осылай шыдамдылыққа үйренесіз.
Күн сайын таңертеңгісін ерте тұрып, дене шынықтырып, уақытылы пайдалы тамақтармен азықтанғандықтан, салауатты өмір салты қалыптасады. Үйренген дағдыңызды өмір бойы әдет қылып сақтап қалсаңыз, иммундық жүйеңіз де күшейіп, анау-мынау ауруларға алдырмайсыз.
Бұрын үйде жүргенде екі шұлығыңызды екі бұрыштан әзер тауып алатын болсаңыз, әскерден келгенде әр киімнің қырын шығарып, түп-түзу етіп киіп, тегістеп жинап қоясыз. Бұл да өз қалауыңыздан тыс, автоматты түрде қалыптасып кетеді.
Әскери дәрістер тыңдап, жауынгерлік жолда жүрген жандардың өмірбаянынан хабардар болып, өмірлік мотивация аласыз.
Сарбаздық өмірдің ең жақсы тұсы тірліктегі бағалы да сирек қасиет – адалдықты, ешқашан өтірік айтпауды үйретеді.
Айналаңыздағы жандардың жүйке жұқартарлық істеріне де етіңіз үйренеді. Уақыт өте келе, қандай жағдай болса да ашу шақырмай, аса сабырлы болып кеткеніңізді де байқамай қаласыз.
Әскерлік өмірде ең ұлы сезім – махаббат пен достықтың қадіріне жетесіз. Бәрі бірі үшін жауап беретін өмірде түзу жүріп, түзу тұратын жігіттер нағыз досыңызға айналады. Жауынгерлік жолдастар ешқашан ұмытылмайды, өмірлік дос боп қалады.
Ал сан мың шақырымда сарылып жолыңызды тосатын қашықтағы ғашығыңызға деген сезіміңіз ақ парақта тереңдей түседі. Әр хатқа балаша шаттанып, қайталай оқып жатталып қалған сөздеріңіз бақыттарыңызды баянды етеді.
Қатып қалған жарты нанды жеті жан бөліп жейтін ертедегі жаугершілік заман емес. Жан жолдасыңыз бірер минут ішінде көз алдыңызда көмусіз қалатын кешегі соғыс жылдары емес. «Бейбіт күнде өлмейді ер». Тәуелсіз елде әскерден қашпа, сабазым!