- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Асқазанымызды бұзатын не...
Асқазанымызды бұзатын не нәрсе?
Жеміс-жидекті, көкөністі басқа маусымдармен салыстырғанда жазда көп пайдаланамыз. Себебі, бұл мерзімде жеміс-жидектер жер-жерде жетіліп пісіп, қолжетімді болады. Жеу алдында жақсылап жуу керектігін білсек те, "дәмді" түріне қарап, кейде осы қағиданы ұмытып кетеміз. Оның арты жүрек айнытып, іш өткізіп, берекемізді қашырады. Осылай асқазанымыздың аяқ астынан "астаң-кестеңін" шығаратын не нәрсе екенін білесіздер ме?
1. Бактериялар
Бактериялар жылылықты жақсы көргенімен, ыстыққа шыдамсыз болады. Сондықтан суыған не беті ашық қалған тамақтарды ішпеуге кеңес береміз. Әсіресе мынадай аптап ыстықта сақ болыңыз. Оған қоса, күннің көзінде екі сағат қалып қойған тамақтарды да жемеңіз. Соның ішінде тәттілерді: олардың құрамындағы заттар +30ºС-та уға айналуы мүмкін. Бұның бәрі бактериямен байланысты. Мұндай тамақтар ішті ауыртады.
Егер мұндай жағдайға тап болсаңыз, күніне 8-10 стақан су ішіңіз. Себебі асқазанға «шабуылдаған» бактерияларды жуып-шаю керек. Содан кейін калийге бай банан мен картопты көбірек жеу керек. Егер дене температурасы 38,3ºС-тан жоғары болса, дереу дәрігер шақыртыңыз.
2. Вирустар
Күнделікті тұрмыста біз әрнәрсені ұстаған қолымызбен көзімізді уқалаймыз, бетімізді сипаймыз не біреудің қолын аламыз. Осы уақыт аралығында ағзаңыз миллиондаған вирустың қоршауында қалады. Бұған жол бермес үшін тамақ ішер алдында, тамақ ішкен соң, жұмыс үстеліне отырар сәтте, ұйықтар алдында, жуынған кезде де қолды сабындап жуу керек.
Вирус — иммунитетті әлсіретіп, ішті өткізетін зиянкестердің бірі. Іш өткен кезде оған қарсы дәріні қабылдамастан бұрын көп мөлшерде су ішу керек. Тәттіні де қоя тұру керек. Себебі қант ағзадағы барлық суды өзіне сіңіріп алады. Егер ауруыңыз асқынып кетсе, арты жақсылыққа апармайды. Мидың, бүйректің қызметін тежеп, әлсіздікке әкеп соқтырады.
3. Паразиттер
Паразиттер адам ағзасына көбіне су арқылы жұғады. Санитарлық шартқа сәйкес келмейтін көл не хауыздарға түсу өте қауіпті. Өйткені паразиттер сол маңдарды жағалап жүреді. Бастысы, суға түскен кезде суды жұтып қоймау керек. Әйтпесе, паразиттер сіздің ағзаңызға "қоныс аударатын" болады. Олардан алшақ жүру үшін үнемі өзіңізбен бірге су ала жүріңіз.
Жеміс-жидектерді, көкөністерді мүмкіндік болса ыстық сумен жуу қажет. Көл суын тек қайнатып алған соң пайдалану керек. Себебі, паразиттер де ыстыққа шыдамсыз. Паразиттер тек ішті ауыртып қана қоймай, тыныс алу жолдарын да бітеп тастайды. Егер кеудеңізді жөтел қысып жүрсе, дәрігерге көрініңіз.
Осыны оқи келе дана бабамыз барлық аурудың басы аста ("Ауру — астан") деп бекер айтпағын түсінесің. Бұдан кейін де асты орнымен, дұрыс тұтынбасаңыз, оның ауруға жол бастайтынын ұмытпағайсыз.
Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік, құрметті оқырман!
Е. Жұмабайұлы