Ашу, ызаны уақытылы басып, тынышталу – таптырмас қасиет. Сабаңызға түсіп, өз сезімдеріңізді қадағалап үйренемін десеңіз, сізге бірнеше кеңес ұсынамыз:
1. Суық. Бір стақан суық су, мұз, балмұздақ... Кез келген суық тағамды жеп, бетіңізге суық басып, салқын суды ішсеңіз, денеңіз сергіп, ашуыңыз басылады. Мұның себебі мынада екен: ашуланғанда дене температурасы көтеріледі, ал салқын су оны баса алады.
2. Ашудан қашыңыз. Тыныштала алмайтындай қатты ашулансаңыз, тез жүріп, жүгіріңіз. Ойша ашуыңыз артыңыздан үлгермей, артта қалды деп елестетіңіз. Ызаланған жерде кез келген ұсақ-түйек есіңізге сол сезімді оралтады, сондықтан мұндай сәттерде, басқа жерге, көшеге, саябаққа шығып, жүріп келіңіз.
3. Жаттығулар. Қарапайым жаттығулар жасап (отырып-тұру, пресс жаттығулары), ашу бойыңыздан шығып кетіп жатқанын сезініңіз.
4. Сабырлықты жаттықтырыңыз. Қандай жағдай болмасын, салқын қанды болып үйреніңіз. Әрине, бірінші кездері бұл оңай болмайды, алайда уақыт өте сіз ұсақ-түйектерге мән бермей, кейін аяқ асты туындаған қиындықтарға да төзімді бола аласыз.
5. Ашуды жазып алыңыз. Ызаңыз кетпей қойса, оны қағаз бетіне жазып алыңыз. Қалағаныңызша жазыңыз, еш шектелмеңіз. Біреу мұны оқиды деп ойламаңыз, жай ғана бар ашуыңызды жазып шығыңыз. Кез келген сөзді қолданыңыз. Бұл әдіс ұялшақ, жалғыздықты ұнататын жандарға таптырмас шешім. Осылайша ашуды іште сақтамай, одан арылуға болады.
6. Ашудың себептері қандай? Осы жолы не үшін ашуланғаныңызды анықтап, келесіде оған жол бермеңіз. Әркімнің осал жері болады. Біреу үшін отбасы, басқа үшін ақша "ауыр" тақырып. Өзіңіздің осалдығыңызды анықтап, болашақта сол жайлы әңгіме қозғалғанда өзіңізді бірден қолға алып, басқалардың ауыр сөздеріне мән бермеуге тырысыңыз.