Өз арманыңыз жоқ болса, өзгелердің мақсатын орындауына қолжаулық боласыз. Бұл сізге керек пе? Ол өз ырқыңызда.
Қай жерде жұмыс істеймін, қалай оқимын десеңіз де, ерік өзіңізде. Қандай баға алатыныңыз бен дипломыңыздың түсі де өзіңізге ғана байланысты. Жұмысыңыз – таңдауыңыз, тұрғылықты жеріңіз – қалауыңыз. Өз бағытыңыздың іргетасын өзіңіз ғана қалайсыз. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүру әлде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру – бұл да өз еркіңіз.
Сізге шектеу қоятын кім? Өзіңіз. Өз өзіңізге шекара қойып алып, шырмалып шыға алмай жүресіз. Шырғалаң ой өз басыңызда ғана өмір сүреді. Кеңістікті бұза біліңіз.
Нар тәуекелге қалқан қоятын кім? Ол да өзіңіз. Шығар шыңыңызды да шектеп алып, биікке қол созуға құлқыңыз болмаса, алынбаған асулар үшін кімге өкпелейсіз?
Өзіңізді қалай дамытып, жетілдіруді білесіз. Қай іске баса мән беру керек, ал не нәрсеге көңіл бөлудің қажеті жоқ. Мұны да өзіңіз шешесіз.
Кім жөнінде қандай ой түйетініңізді де, нендей пікір білдіретініңізді де сіз үшін ешкім шешпейді.
Әр күнде, әр сәтте дұрыс таңдау жасаңыз. Өміріңізге өзіңізден өзге ешбірі жауапты емес. Арманы көп адамның сылтауы аз болар.