Анд тауындағы апат: Қайтыс болғандарды жеп аман қалғандар

1972 жылғы қазанның 13 күні бортында 45 адам — Чилиде болатын матчқа ұшып бара жатқан регбистер командасы, олардың фанаттары мен туысқандары бар уругвайлық ұшақ Анд тауында апатқа ұшырады. Ұшақ таудың шыңына соғысып, таудың қарлы бөктеріне құлайды. Бұл оқиға авиация тарихындағы ең қайғылы оқиға ретінде есте қала бермек. Тіпті қаза болғандар санының көптігімен емес, сол апатта тірі қалғандардың бастан өткергендерімен есте қалды. Тірі қалған «бақыттылар» тап болған ең ауыр жағдай жүрек жалғарлық тамақтың болмағаны еді. Өмір сүру үшін адамдар қаза болған жолдастарының денесін жеу туралы шешім қабылдайды.

Борт №571

№571 борты апатқа дейін.

Сол күні №571 бортында Old Cristians (Монтевидео, Уругвай) клубынан болған регбисттер командасы болды. Жиырма жасар жігіттер Сантьягоға (Чили) матчқа ұшқан.

Old Cristians клубының регбисттер командасы қауіпті сапарға дейін.

Old Cristians регбисттерінің апатқа дейінгі ұшақ салонындағы фотосы.

Анд тауларының үстінен ұшып бара жатып, турбиналы-винтті Fairchild FH-227D циклон аумағына түсіп қалады. 4200 метр биіктікте ұшақ қанаты тау шыңдарының біріне соқтығысып құлайды. Құлаған соң 32 адам аман қалады.

Теңіз деңгейінен 4000 метрге жуық биіктікте, ешқандай жылы киімсіз, тамақсыз қалған адамдардың суық пен аштықтан құтылмайтыны неғайбыл еді.

Тағам қорын бірнеше кәмпит, консервіленген біршама құты және ішімдіктің бірнеше бөтелкесі ғана құрады. Тамақтары тез таусылды. Ауыр жарақаттанған жолаушылар қайтыс бола бастады.

Қираған ұшақ.

Бітпестей көрінген он күн ішінде аман қалғандар ұшақтың қираған фюзеляжын паналап, оларды құтқаруға келеді деген үміттерін сақтап отырды. Жігіттер жүк бөлігінен кішкентай транзистор тауып, радионы мұқият тыңдады. 11-күн дегенде оларды іздеу тоқтатылғанын естиді. Адамдар жылай бастайды. Өзін байсалды ұстаған бір ғана жігіт — Нандо Паррадо болады. Ол жолдастарының аянышты жүздеріне қарап, «Әй, жігіттер, бұл деген жақсы хабар ғой! Бұл өзіміз мына жерден кетуіміз керек дегенді білдіреді» дейді. Жігіттің ерлігі өзгелердің рухын көтерді.

Өмір үшін күрес

Аман қалғандар өмір үшін күресті жалғастыра берді. Ерекше төмен температураға қарамастан, олар қардан су жасау өндірісі жүйесін жасайды. 24 жасар Фито Страуч көздің қарығып ауыруынан сақтайтын күннен қорғайтын көзілдіріктің бірнешеуін жасайды. Бұл үшін ол ұшқыш кабинасындағы күннен қорғайтын күнқағарды пайдаланған.

Суыққа қарамастан жігіттер қарлы тұзақтан құтылуға бірнеше рет талпынып көрді. Осындай талпыныстардың бірінде олар ұшақтың құйрығын табады және кондиционердің оқшаулағыш материалын шешіп алады. Осы матадан электр сымдардың көмегімен ұйықтауға арналған үлкен төсек қап тігіп алады.

Дегенмен, аштық пен аяз аман қалғандардың басынан өткен сынақтың соңғысы емес еді. 29-шы қазан күні (17-ші күн) лагерьге қар көшкіні құлайды. Қар астында тағы сегіз адам қаза болады. Он алты адам ғана тірі қалады. Мұнымен қауіп бұлты сейіле қойған жоқ. Ұшақ қалыңдығы бір метрге жететін қардың астында қалады. Нандо Паррадо фюзеляж төбесін металды кұбырмен ойып, осы арқылы ауа кіретін желдеткіш жасайды. Содан соң жігіттер үсіген жалаңаш қолдарымен қарды үңгіп, жоғарыға шығады.

Сынақ

Осы күннің барлығында аман қалғандар өздерінің азық-түлік қорын қатаң түрде үнемдейді. Алайда тамақтары таусылады. Сөйтіп, бірлесіп қатаң әрі қажетті шешімді қабылдайды. Тірі қалу үшін өлі достарының етін жеу керек деп ұйғарады. Бұл оңай болмайды. Қаза болғандардың көбісі бір сыныпта оқыған достар немесе тіпті туыстар да болған еді.

Нандо Паррадо өзінің естелігінде осы жағымсыз жағдайды: «Биіктікте калорияға деген қажеттілік еселеп артып кетеді... біз сұмдық аш болдық. Нан қалдықтарын табамыз ба деп, фюзеляжды қайта-қайта қаздық. Біз пайдасынан зияны көп екенін біле тұра, жүк бөлігінен табылған былғары тілімдерін жеуге тырыстық. Қауырсын немесе шөп табамыз ба деген үмітпен, отыруға арналған жастықшаларды жырттық, алайда ол жерден жеуге болмайтын жіптер ғана шықты. Біздің айналамызда алюминиден, пластиктен және мұздан басқа ештеңе болмады».

Ақырында аман қалғандардың бірі Роберто Канесса былай деп жазады: «Мен бұл күнді ешқашан ұмытпаймын. Қанаттың бөлігіне қатып қалған адам етін жұқалап тілікшелеп қойдық. Әрқайсымыз өзіне тиесілі бөлігін жеп алды. Біздің әрқайсымыз үшін бұл психикалық тұрғыда ауыр соққы болды. Бірақ бұл аман қалудың жалғыз жолы болатын».

Құтқару

Қар көшкінінен соң, адамдар өздерінің аман қалуының жалғыз жолы — көмек табу екенін түсінді. Күштің сарқылуына қарамастан, екі өжет жігіт Нандо Паррадо мен Роберто Канесса тау жоталарының арасына адамдарды іздеп кетеді. Қаза болғандардың киімдеріне оранып, өздерімен қатқан етті алып, барлаушылар қауіпті асудан өтеді. Біраз күннен соң шаршап-шалдыққан жігіттер чилилік фермерге жолығады.

Жүдеген адамдар.

Соңында апат аймағына құтқару тікұшақтары келеді. 1972 жылдың 23 желтоқсанында аман қалған 16 жолаушы құтқарылды. Олар қар құрсауында 72 күн өткізді.

Аман қалғандар. Құтқарушылар тікұшағының фотосы.

Нандо Паррадо — апаттан аман қалғандардың бірі.

1973 жылдың қаңтарында қар еріген соң, құлау аймағынан 800 метр қашықтықта қаза болғандардың денелері жерленді.

Қаза болғандардың денесін жапқан тас үйіндісіне «О, Құдай, біз саған жақын тұрмыз» деген жазуы бар крест орнатылды.

Қаза болғандарды жерлеп бола салысымен, аман қалғандарға тұрақ болған корпустың негізгі бөлігі өртеп жіберілді...