Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының үстіміздегі жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Әскери кеңес отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери кеңесінің хатшысы генерал-майор Бауыржан Әбжанов, өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы генерал-майор Қайрат Ақтанов, қолбасшылықтың басшылық аппараты, қолбасшылыққа қарасты құрамалар мен әскери бөлімдердің командирлері және олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Әскери кеңес отырысын ашқан өңірлік қолбасшылық қолбасшы генерал-майор Қ.Ақтанов алдымен Ұлттық ұлан мен оның өңірдегі құрамаларына мемлекет тарапынан жүктелген міндеттемелердің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, жыл басында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында өткен алқа жиналысында әскери ведомстоның жұмысын жетілдіру бойынша ІІМ мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы тарапынан қойылған нақты тапсырмаларды сапалы орындалуының барысына тоқталды.
Өз кезегінде, Ұлттық ұлан Әскери кеңесінің хатшысы генерал-майор Б.Әбжанов әскер құрамы елорда төрінде өткен ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі кезінде өзге ішкі істер органдарымен қанаттаса отырып, қауіпсіздік шараларын жоғары деңгейде қамтамасыз еткендігіне тоқталды. Осы еліміз үшін бір жағынан абыройлы да, бір жағынан сындарлы сәтте, сырттан көптеп келіп жатқан туристер қауымының алдында қызметті қаяу түсірмей атқарғандық бұл жүйелі жұмыстың жемісі, әрі елдікке қосқан әр азаматымыздың үлесі деп атап өтті.
Мұнан соң жиында әскери құрылымдардағы тәртіп, тыл қызметінің жай-күйі жайлы қолбасшысының орынбасарлары полковниктер Сабыржан Сүлейменов пен Нариман Көпеев баяндама жасады.
Алқалы жиын соңында нақты тапсырмалар беріліп, қызметтің жетістіктері айтылып, олқы тұстары сыналды. Алдағы мерзімге бағытталған жұмыс жоспарлары пысықталды. Соңынан тоғыз айдың қорытындысы бойынша қызметін үлгілі атқарып, жоғары нәтижелері көрсеткен қызметкерлерге алғыс жарияланып, құрмет көрсетілді.