- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Әлемге танымал ең...
Әлемге танымал ең мықты шеф-аспаздар #2
Тағамға деген талғаммен әлемді тәнті еткен, халықтың көңілінен шыға білген шеф-аспаздар туралы айтып өттік. Сол қатардың жалғасын құрғатпай жеткен бірнеше аспаздың атағымен, өздерімен, таланттарымен таныс болыңыздар. Оның ішінде отандасымыз, қазақстандық аспаз да бар.
Нобуюки Нобу Мацухиса
Классикалық тағамдарды талғамына сай дайындайтын Н.Нобу әлемге танымал аспаздардың бірі. Оның тағамдарынан жапондық үлгідегі қоспалардың иісі аңқып тұрады. Ол Жапонияда, Перуде, Аргентинада аспаз болып жұмыс жасаған. Қазіргі таңда Лос-Анджелесте оның асханасына соқпайтын адам жоқтың қасы. Алғашқы мейрамхана желісін ашысымен-ақ әлемді аузына қаратқан аспаздың тағамдарына тағам сыншылары тек қана оң бағасын беріп келеді. Тіпті «оның тағамындағы классикалық дәмді ешкім жасай алмайды» дейді.
Поль Бокюз
«Алтын Бокюз» асханалар желісінің негізін салушы П.Бокюз француздың ең танымал шеф-аспазы. Аталған аспаздың басты ұстанымы «қоспасыз дайындау» әдісі. Оның пікірінше, тамақ өз табиғилығын сақтап қалу керек. Поль Бокюздың асханасынан сіз тек дәмді тағам емес, шебердің өзі дайындаған нағыз шараптың дәмін де тата аласыз.
Вольфганг Пак
Австрияның шеф-аспазы Вольфанг Пак өзінің ерекше қоспаларымен, қайталанбас өнерімен ел есінде қалды. АҚШ, Жапония, Канада елдеріндегі жиыны жиырмадан көп мейрамханалар аспаздың иелігінде. Сонмен қатар Cut, Wolfgang Puck Express жеңіл тағамдар желісі де бар. Оның нағыз қолдан дайындалған бутербродтары әлемнің ең үлкен аэропорттарында сатылады. «Оскар» сыйлығын табыстау кешінен кейінгі жайылатын астың дәмін келтіруші – В.Пак аспаз.
Андрей Атапин
Елге енді танылып келе жатқан қазақстандық аспаздың да бұл қатардан табылуға мүмкіндігі бар. Алматылық Андрей Атапин жұрттың жүрегін дәмді тағамдарымен қатар, көңілді күй сыйлай білуімен де жаулап алуда. Отандасымыз Қазақстанда өткен республикалық аспазшылар байқауының бас жүлдесін жеңіп алған, қазірде шет елдік тағам сарапшыларының көзіне жиі ілініп жүр.
М. Ақан