Әлемдегі ең ірі жер сілкіністері #2

Сейсмикалық апаттардың алдын алу мүмкін емес, сондықтан, жер сілкінісі кезінде қорғану шараларын әрдайым есте ұстағнымыз абзал. Кеше ғана алматылық тұрғындар 4,5 баллдық дүмпудің куәгері болып, жағасын ұстады. Айтып келмейтін апатта абдырап қалмау үшін, мына жазбадан жер сілкінісінен қалай қорғану керектігін үйреніп алыңыз. "Біреуді қателігі біреуге сабақ болады" демекші, тарихты сілкіндіріп кеткен әлемдегі ең ірі жер сілкіністері жайлы алдыңғы топтамамызда жариялаған едік. Бүгін де сол топтамамызды жалғастыруды жөн көрдік.

♦ Ұлы Қытай жер сілкінісі. (830 000 адам қаза болған)
1556 жылдың 23 қаңтарында Қытайдың Шэньси провинциясында орын алған жер сілкінісі жалғыз Қытайды ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Бұл зілзала 830 000 адамның өмірін өзімен бірге алып кетті. Бұрын-соңды мұндай жер сілкінісі, мұншама адам шығыны болмаған екен. Жер сілкінісінің қуаттылығы сонша – орталығынан 500 шақырым жердегі ғимараттар да күл-талқан болып қираған. Тіпті, Шэньси провинциясына қарасты аудан адамдарының 40 пайызға жуығы ғана тірі қалса, кейбір аудандарда түгелімен қырылып қалған. Бұл тарихи апат Мин әулетінің тақ мұрагері Цзяцзин императоры ел билеген заманмен тұспа-тұс келеді екен. Осы себептен де, кейбір тарихи еңбектерде оны "Ұлы Цзяцзин жер сілкінісі" деп атайтын көрінеді. Жер сілкінісінің күшін Меркель шкаласы бойынша 8 баллға теңесе, кейбір ғалымдар 7,9 балл болған деген болжамға тоқталады. Қалай десеңіз де, адам шығыны бойынша барлық апатты қоссаңыз, адамзат тарихындағы ең ірі үшінші, ал тек жер сілкінісінен есептесеңіз, тарих бетіндегі ең ірі апат болып саналады.

♦ Таншань жер сілкінісі. (800 000 адам қаза болған) 
Таншань жер сілкінісі 1976 жылдың 28 шілдесінде Қытайдың Таншань (Хэбэй провинциясы) қаласында орын алған. Күші 8,2 баллды құраған зілзала ХХ ғасырдағы ең ірі табиғат апаты болып саналады. Қытай Халық Республикасының ресми мәліметі бойынша, қаза болған адам саны – 242  419. Дегенмен, кейбір зерттеулерге сүйенсек, апаттың құрбанына айналған адам саны 800 000-нан асып жығылады. Жергілікті уақыт бойынша, түнгі сағат 3:42-де орын алған зілзала қаланы тұтасымен қиратты. 22 шақырым тереңдіктен (гипоцентр) бастау алған бұл жер сілкінісі 140 шақырымдай жерде орналасқан Бейжің мен Тяньцзинді де оңдырмады. Нәтижесінде, 5,3 миллион үй қирап қирап қалды. Тең жартысының қаңқасы құламағанымен, адамға жарытып баспана бола алмады. 

♦ Үнді мұхит жер сілкінісі (225 000 – 300 000 адам қаза болған)
2004 жылдың 26 желтоқсанында Үнді мұхитында үлкен жер сілкінісі болды. Күші (Рихтер шкаласы бойынша) 9,1 баллды құраған дүмпудің нәтижесінде, цунами су бетінен 15 метр биікке көтерілді. Жер сілкінісінің күші 9,3 баллды құрады деген деректер де болды. Қалай десеңіз де, бұл тарих бетіндегі күші бойынша үшінші орынға ие екен. Бұл табиғи апаттың кесірінен Тайланд пен Үндістанның оңтүстік аймағы және Индонезия тұрғындары қатты жапа шекті. Жапа шекті деген жай айтылған сөз ғой, тілсіз жау тудырған цунамиден 225 000 – 300 мыңға жуық адам о дүниеге аттанып кетті. АҚШ-тың геологиялық сарапшылары нақты санын көрсете білді. Олардың айтуынша, қаза болғандар саны – 227 898. Бірақ, кейбір сарапшылар қыршыннан қиылғандардың саны одан да көп болуы мүмкін, себебі, жазықсыз талай адам алып мұхит түбіне кетті дейді.

♦ Гянджа жер сілкінісі (230 000 адам қаза болған)
Гянджа — жер сілкінісі тарих бетіндегі ең ірі апаттардың бірі. Бұл апат 1139 жылдың 30 қыркүйек күні Гянджа қаласының маңында орын алды. Жер сілкінісінің қуатылығы 11 баллды құраған. Адамзат тарихындағы ең ірі зілзалардың бірі Алеппо жер сілкінісінен осы оқиғадан тура бір жыл бұрын болған екен. 1138-39 жылдардағы осы екі зілзала әлемдегі ең ірі бес жер сілкіністерінің қатарына кіреді екен. Жер сілкінісінің қуаттылығы сонша сол кездегі Кяпаз тауы құлап, Ахсу өзенінің арнасын жауып тастаған. Нәтижесінде, 8 көл пайда болған. Соның бірі Гёйгёль қорығында орналасқан, Гёйгёль көлі. «Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналыпты» демекші, осы табиғи апатты пайдаланып, Грузин патшасы Деметра шабуыл жасайды (1125—1156). Қираған қаланы қайтқа қалпына келтірген Селжұқ билеушсі Қара-Сұңқар. Бұл мәліметті таратқан — Мхитара Гоша. Оның айтуынша, Қара-Сұңқар Арранға келіп, құлаған қаланы тізесінен тік тұрғызуға кірісті. Қайта тұрғызылғаннан кейін қала бұрынғысынан да гүлдене түсіпті.


♦ Алеппо жер сілкінісі 230 000
Тарих бетінде бірде Алеппо (Халеб) жер сілкінісі деген атаумен енген бұл зілзала да адам жанын түршіктіреді. 1138 жылы 11 қазанда тіркелген табиғаттың тілсіз жауынан 230 мыңнан астам адам көз жұмған. Жер сілкінісі бірнеше кезеңнен тұрған және қайталана сілкінген. Және Сирияның солтүстік бөлігін, Түркияның оңтүстік бөлігін (қазіргі Иран мен Әзірбайжан мемлекеттері) қамтыған. 

Табиғи зілзаланың кесірінен қиратылған қала тек ХІХ ғасырда ғана қайтадан бойын тіктеген. «Енді құтылдым-ау» дегенде, жығылған жұдырық дегендей 1822 жылдың 24 тамызында табиғи апат тағы да оқыс мінез танытты. Ғалымдар Алепподағы бұл оқиғаны Таяу Шығыстағы жер сілкіністерінің тек басы еді дейді.

Сурет: 2.bp.blogspot.com, upload.wikimedia.org, istpravda.ru, znanijamira.ru, newsinphoto.ru