- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Ақылды адамда болатын...
Ақылды адамда болатын тізімдер
Біздің өмірімізде тізім деген ең жақсы нәрсе бар. Оның кереметтігі сол, ешнәрсені естен шығармауға, әр істі уақытылы әрі жүйелі орындауға көмектеседі. Әр қадамын жоспарлап жүретін жан жауапкершіліктің символы болса, сол жоспарын қағазға түсіріп, тізім жасап, іске асыратын адам ақылдылықтың үлгісі болады.
Атқаратын істер тізімі. Жұмысқа жеткенде не сабақтан келгенде не істерімізді білмей, бос іспен айналысып біраз отыратын кезіміз болады. Құмсағаттың құмындай сырғып жатқан уақытты текке өткізбес үшін сол күні атқарылатын істерді қағазға түсіріңіз. Сонда қайсысынан бастайтыныңыз өзінен өзі көрініп тұрады әрі берген уәделеріңіздің ешқайсысы ұмыт қалмай, ұятқа қалдырмайды, еш жерге кешікпейсіз. Ең қиын күннен де ләззат аласыз.
Тың идеялар. Неге екені белгісіз, адамға креативті идеялар ұйқыға жатқанда, қолайсыз уақыттарда келеді. Сағымдай бұлдырап, бір көрініп жоқ болатын ойды оңтайлы сәтінде түртіп қоймасаңыз, қол үзіп қаласыз. Кейін сізден ұқыпты адам оны жазып қойып, жүзеге асырған болса, бұл кезінде маған келген идея еді деп ешкіммен таласа алмайсыз. Сондықтан маужырап бара жатқанда келген ойға қақпаңызды қалқаламай, қанша тәтті болса да ұйқыңызды қиып, міндетті түрде тізімге енгізіп қойыңыз.
Армандар тізімі. Психолог мамандардың сөзіне сенсек, адам арманын жиі айту, елестету, қағазға жазу арқылы өзіге жақындатады және адам неге сенсе, сол болады екен. Осы сенімді біле тұра, қалауымыз бен арманымыздың да тізімін неге жасамасқа?! Тек оны көзге түспейтін, назардан таса тұратын жерге жасырып қойғаныңыз жөн. Болашақта боларды басқалары білмегені абзал.
Оқитын кітаптар тізімі. Күнделікті күйбеңде кітап оқуға уақыт таба бермейміз. Ал қалауымыз ашылып, қолымыз босап, кітап оқығымыз келгенде не оқитынымызды шеше алмай ұзақ ойлануымыз мүмкін. Сондықтан оқыған ақпараттарыңыз ішінен кездескенін, достарыңыз ұсынған кітаптарды, жарнамасын көрген туындыларыңыздың тізімін жасап қойыңыз.
Көретін фильмдер тізімі. Бұл қатарға да айтылар сөз кітап жайына қатысты. Қиялы мен ойын іске қосуға ерініп, дайын сюжетті көре салғысы келетіндерге кітап оқудан фильм көру жеңіл әрі ыңғайлы. Қолым босай салысымен көремін деген фильмдер тізімі де әр адамның қоржынынан табылуы тиіс.
Жақсы сайттар тізімі. Кейде бір ақпарат іздеп отырып, таңғажайып әлемге, бұрын көріп-білмеген сайтқа кіріп кетеміз. Тақырыптары жұтынып тұрған соң, бірінен біріне өтіп шыға алмай, басқа өмірді бір сәтке ұмытамыз. Бастапқы маңызды ісіміз сап етіп еске түскенде барлығын жаба саламыз да, бір ысып суынған сезімдей таңғажайып сайтымыз ұмытылып, жайына қалады. Сол сәтте тізімге қосып қойсаңыз, қол босағанда қайта оралуға мүмкіндік туады.
Тізім жасауды бір дағдыға айналдырсаңыз, ауру қалса да қалмайтын әдет боп кеткенін өзіңіз де аңғармай қаларсыз. Тек жақсыны жұқтырғыш болайық.
@. @assel_assanova