Осыдан 107 жыл бұрын Алматы (Верный) қаласындағы барлық жан-жануар, көшедегі ит, мысыққа дейін бұл мекеннен бір түннің ішінде жапа-тармағай қаша бастады. Адамға қарағанда жануардың сезу қабілеті мықты екені белгілі. Осы түнде кеудесінде жаны бар барлық жануардың қорқынышын оятқан қандай құбылыс болды екен? 1911 жылы, қаңтардың 3-нен 4-не қараған түні, таңғы сағат 4:26 шамасында Алматы қаласында күтпеген оқыс оқиға орын алды. Табиғаттың адамда кегі бардай 390 адамды қара жерге жастандырып, апаттан аман қалған шүкіршілік етушілерді кемінде кемтар еткен Кемін жер сілкінісі жайлы жазба бұл. Жер қабатының үздіксіз тербелуінің әсерінен көп қабатты ғимараттардың да тербелуіне 9-10 баллдық соққы күші әсер етті. Сол тұста ағаштан соғылған Алматы тұрғындарының баспанасы ортасына түсіп, күлі көкке көтерілді. Қара жер қақ айырылып, тілімдері батыстан шығысқа қарай 200 шақырымға дейін созылды. Тілімделген шұңқырдың ені 1 метрге дейін жетсе, тереңдігі 5 метр болды. Бұл дүмпудің жаңғырығы қаладан 1000 шақырым қашықтықтағы Омск, Томск, Көкшетау қалаларында сезіліпті. Осы оқиғадан аман қалған алматылықтар кейін жергілікті басылымдарға берген сұхбаттарында былай дейді: Біздің тұрғын жайымызды белгісіз бір алып күш шыны қорабындағы сұйық дәріні араластырғандай жан-жаққа шайқады. Сонымен қатар, Ақсай маңындағы тұрғындар баспаналарынан далаға қашып шығып, тегіс аймаққа асыққандарында төбелерінен биік ғимараттың керегесі құлап түсіп, сол аңғарда қаншама адам қаза болғанын да айтып берген. Осы зілзаланың нәтижесінде қалада зардап шекпеген бір де бір тұрғын үй болмады. 616 тұрғын үй түбегейлі қирады; 301 үй жөндеуді қажет етті; 1010 баспана кішігірім зақымданды; 121 сауда қоймасы қирады, қалған 397-сі зақымданды; 390 адам қаза болды. 1911 жылы болған бұл оқиға Алматыда бірінші мәрте емес еді. Оған дейін 1887 жылы 9 маусым күні, таңғы 4:35 кезінде жер бедерінің қозғалуынан Алматыда жер сілкінді. 9-10 баллдық апаттың салдарынан сол кездегі Алматының 30 мың тұрғынының 332-ісі қаза болды. Апаттан аман қалған адамдардың көргені бойынша, шырт ұйқыдан оқыс оянып, мең-зең болған олар 3 минуттай теңселіп тұрыпты. Алматы облысы еліміздегі ең қауіпті сейсмикалық аймақ. Алматы қаласы маңайының өзінде ірі жер сілкінісін тудыратын негізгі ірі 3 ошақ бар. Оның бірі, 1887 жылы сілкінген Верненск аймағы болса, екіншісі Кемін апаты болған аумақ. Ал үшіншісі, қаладан бірнеше шақырым қашықтықтағы Шелек ауданының аймағы. Осы саладағы ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, магнитудасы 7-ден жоғары күшпен жер сілкінген аймақта алдағы 80-200 жылдың ішінде бұл апат тағы қайталанады екен. Алматыдағы ең соңғы ірі сілкініс Кемін оқиғасынан кейін арада бірнеше жыл уақыт өтті. Кемінді көз көрген қала тұрғынының тіпті барлығы келмес сапарға аттанып кеткелі қашан. Бірақ, олар кетті деп ештеңе де ұмытылып қалмайды. Жердің беткі толқыны тербелгенін тарих та өз толқынына жазып қалды. Сейсмикалық аймақта орналасқан қалада күн кешіп жатқандықтан, бүгінгілер құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуге міндетті. Тілсіз апатқа қарсы дайындығымыз да мінсіз болса, жаратушы да сақтанғанды сақтайды ғой.