ҰБТ-ның жауап парағын толтыру жолдары

ҰБТ-ның жауап парағын толтыру жолдары
Фото: voxpopuli.kz

ҰБТ-ның жаңа форматы оқушыларды, ата-аналар мен мектеп ұжымдарын бір серпілтті. Бұл форматтың білімді саралауға беретін пайдасы әлдеқайда зор екенін естен шығармаңыз. Жаңа форматтағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің жауап парағының толтырылуында қандай маңызды жайттарды есте ұстау керек? 

Бірінші кезекте жауап парақтары және жауап парақтарының көшірмелері (тестілеуден кейін балдарды өздігінен санауға арналған арнайы бланктер) таратылады.

Кейін жауап парағының қызметтік секторлары толтырылған соң түсушілерге пәндер бойынша тест тапсырмалары берілетін кітапшалар таратылады.

Есте сақтаңыз!

ҰБТ-ның жауап парағы осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша келесі тәртіппен толтырылады:

1-секторда түсушінің Т.А.Ә. (болған жағдайда) жазылады;

2-секторда жоғарғы торкөздерге көлденеңінен түсушінің рұқсаттамасында көрсетілген тестіленушінің жеке коды (бұдан әрі - ТЖК) жазылады. Әр санның астындағы торкөздегі сандарға сәйкес дөңгелекшелер боялады;

3 және 4-секторларда тестілеу тапсыру кезінде түсушінің отыратын орны және кітапшасының нұсқасы боялады;

5-секторда түсуші ҰБТ тапсыратын лек пен аудитория нөмірі қойылады. Лек нөмірі емтихан болатын күн бойынша анықталады;

6-сектор шығармашылық емтихан тапсыратын түсушілерге арналған;

7, 8 және 9-секторларда Қазақстан тарихы, Математикалық сауаттылық және Оқу сауаттылығы пәндері бойынша тапсырмалардың жауаптары боялады.

7, 8 және 9-секторлардағы әр тапсырма берілген бес жауап нұсқасынан бір дұрыс жауапты таңдауды талап етеді. Таңдалған жауап сол пәннің секторында сәйкес дөңгелекшені толық бояу арқылы белгіленеді;

10 және 11-секторларда 2 бейіндік пән бойынша тапсырмалардың жауаптары боялады;

10 және 11-секторларда 1-20 аралығындағы тапсырмаларда берілген бес жауап нұсқасынан бір дұрыс жауапты таңдау талап етіледі. Таңдалған жауап сол пәннің секторында сәйкес дөңгелекшені толық бояу арқылы белгіленеді; 21-30 аралығындағы тапсырмалар дөңгелекшелерді толық бояу арқылы бір немесе бірнеше дұрыс жауапты (3-тен артық емес) таңдауды талап етеді;

12-сектор (жауап парағының нөмірі көрсетіледі) боялмайды;

«Назар аударыңыз» бағанына аса көңіл бөлінеді:

– жауап парағы көк немесе қара түсті қаламмен толтырылады;

– жауап парағын былғауға, умаждауға, жыртуға және корректор сұйықтықтарын пайдалануға, жауап парағын тестілеу аяқталғанға дейін аудиториядан шығаруға жол берілмейді;

– түсуші жауап парағының төменгі оң жақ бұрышындағы «Талапкердің қолы» деген 13-секторына қолын қояды.

Жауап парағы бір данада беріледі, ауыстыруға жатпайды және түсушінің тестілеу нәтижесін растайтын жалғыз құжат болып табылады.

Түсуші кітапшадағы нұсқа нөмірін жауап парағына (4-сектор) көшіріп жазады және кітапшаның мұқабасын толтырады. Сонымен қатар, нұсқаның төртінші саны кітапша парағының мұқабасындағы матрицаның көмегімен анықталады және оны Министрлік өкілі тестілеу аяқталғанға дейін 20 минут қалғанда хабарлайды.

Түсушілер жауап парақтарының қызметтік секторларын және кітапшаның мұқабасын толтырған соң тақтада ҰБТ-ның басталу және аяқталу уақыты жазылады. Түсушілерді аудиторияға кіргізу ҰБТ басталғандығы хабарланған сәтте ғана  тоқтатылады.

 

Г. Берік