20 маусым күні елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша 2102 жас түлек шектік баллдан аса алмады. Бұл туралы Ұлттық орталық тестілеудің директоры Рамазан Әлімқұлов айта кетті. - Кеше 33 ҰБТ өткізу орталығында түлектер тест тапсырды. 20 маусымға 14 250 өтініш түскен еді, оның 13 897-і тестілеуге қатысты. Бір қатысушының нәтижесі есепке алынбады.11 795 түлек шектік деңгейден асты, 2 102-сі аса алмады, - дедіРамазан Әлімқұлов брифинг барысында. ҰБТ-ның алғашқы күні 140 балл жинаған түлек болған жоқ. Ең жоғарғы балл 137 болды. Кеше тапсырғандардың жинаған орташа көрсеткіші 80,9 баллды құрады. Өткен жылы аталған көрсеткіш 77,5 болған. - Ең жоғары баллды әлі ешкім жинаған жоқ. Алда әлі 7 күн бар. 140 балл жинайтын талапкерлер әлі болатынына сенеміз, - деді Рамазан Әлімқұлов. Сондай-ақ биыл тестті ағылшын тілінде тапсыруға да болады. Бұған 46 жас түлек өтініш берген. Кеше солардың алғашқысы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тапсырып шықты. Айта кетейік, биыл оқу грантын бөлгенде Алтын белгі иегерлеріне тек бір ғана басымдық беріледі. Ол - ҰБТ нәтижесі бойынша балл саны бірдей болып, бір орынға бірнеше үміткер таласқан жағдайда ғана Алтын белгі иегері ескеріледі.Биыл мектеп бітіруші түлектерге арнайы жеңілдіктер де қарастырылған.