Талапкер – қатардағы жауынгер. Ол ҰБТ – майдан алаңына барып, білімі үшін күреседі. Оның басты қаруы – білімі, қалқаны – мақсаты. Ол өзіне сенсе, қорқынышын жеңе алады. Өзі қалаған ЖОО-ға барып Жеңіс туын тігеді де, мақсатын әлі де қалқан қылып, қаруын асынып, болашағы үшін тер төгеді.
ҰБТ-ның боларына бір-екі ай уақыт қалды. Ал талапкерлердің күн санап, бұл күннің тезірек өтіп кетуін тілеп жүргені белгілі. Мұғалімдер де, ата-аналар да уайымдап, бірі оқушысы үшін, бірі баласы үшін тақымын қысып отырған болар. Бірақ, бәрінен оқушының жай-күйі қандай болып жатқаны маңызды. Оның ой-бұлтына қандай сұрақтар жазылып жүр екен?
«Қиын бола ма екен?»
Қиындықсыз іс бітпеген ғой. Қиындық бар жерде одан шығу жолы да болады. Қиындық сіз шығарып отырған теңдеу секілді. Теңдеу берілсе, оның 5 жауабы да қатар беріледі ғой. Сіз теңдеуді есептеп, дұрыс жауабын тауып белгілейсіз, иә? Бұл қиындық та дәл сондай. Бұл сұрақтың жауабын өз біліміңізбен өлшеңіз. Бастысы, оптимисттік көзқараспен қарау керек.
«Ертең ҰБТ болады деген күні бүгін не істеуім керек?
Тынығу керек, қорқынышты сейілтіп тынығу керек. Бал мен сүтті көбірек ішіп, өзіңізді психологиялық тұрғыда дайындау керек. Бокс рингіне шығатын боксшы ретінде сезініңізші. Жағымсыз ойдан ада болып, еркіндікті сезіну керек. Жүйкені тыныштандыратын әуендер тыңдап, арманыңызды елестетіңіз. Бір жағдайда ғана бәрі жақсы болады: сабырлы болыңыз.
«Жеңіліп қалсам ше?»
Жаныңызда өшіргіш болса, бұл сұрақты өшіріп тастауға болады немесе қолыңызбен қуып жіберіңіз. Бұл ойды сенімсіздіктің белгісі деп біліңіз. Бұл майданмен өмір бітпейді. ҰОС-дан кейін Германия «Мерседес» көлігін жасап жатыр, футболдан 4 дүркін Әлем чемпионы, оған қоса, ерекше менталитетке ие. «Тапсыра алмай қалсам, ұят», «Бітті бәрі» деген ойдан қашыңыз. Сіз мықтысыз. Жеңілу сізге тән емес.
«Шпаргалка көмектесе ме?»
Шпаргалка, ұялы телефон, смартфондарды сын сәтте көрсетпей пайдалану да шеберлікті талап етеді. Өтірік айта алмайтын оқушылар қобалжып отырғанда білініп қалуы әбден мүмкін ғой. Сіздің қаруыңыз – біліміңіз. Қаруыңызға осы қалған екі айда мықтылап тұрып оқ-дәрілерін дайындап қойыңыз. Шпаргалка деген – атылмайтын мылтық. Атылмайтын мылтық жауынгерді жауға ұстап береді. Сол себепті, өз қаруыңызға сеніңіз.