ҰБТ. Математика пәніне қалай дайындаламыз?

Талапкерлердің кейбірі оқу жылы басталғаннан-ақ ҰБТ дайындығына кірісіп кетеді, ал кейбірі асығыстық танытпауы мүмкін. Бірақ, сәттілік – оқығанның жағында. Оған талас жоқ. Ең бастысы, өзіңізді өзгелермен салыстырмаңыз. Математиканың қатты жаңғақтарын шағу кім-кімнің қолынан келе бермейді. Өзіңізге сенсеңіз,  тау қопарасыз. Сонымен, математикамен күресте қалай жеңеміз?

Маңызды:

Егер мұғалім есепті бүгін берсе, бүгін-ақ шығаруға тырысыңыз. Ерінбеңіз. Себебі, ертең алдыңыздан күрделі есеп күтеді. Сол себепті, мұғалімнің соңынан қалмай, сұрап, сол есепті бүгін шешіңіз.

Формулаларды жаттап алыңыз. Формуланың мағынасы сізге түсініксіз болса да, жаттап алуға тырысыңыз. Парақшаға жазып алып, өзіңіз көп отыратын, көп жүретін жерлерге жабыстырып қойыңыз.

Әр күн шығарған есебіңізді санап отырыңыз. Бір күнде шығарған есебіңіздің санын келесі күні арттырып отырыңыз, апта басынан соңына дейінгі алға жылжуды байқайтыныңыз сөзсіз.

Өткен жылғы тест кітапшаларындағы есептерді де жатпай-тұрмай шығара беріңіз.

Пайдалы:

Әр күніңізге есеп беріп отырыңыз. Дәптерге жазылған тапсырмалардың астына қорытынды ретінде «Не білдім, әлі не білмеймін» деп жазыңыз. Өз бойыңыздан дамуды байқасаңыз, бір жеңіске жеткеніңіз.

Әрдайым «Менің қолымнан бәрі келеді» деп, өз-өзіңізге күш беріңіз. Онсыз болмайды.

Өзіңізге қарсылас іздеңіз. Үнемі уақытқа есеп шығарып, бағыңызды сынап көріңіз.

Берілген есептің тапсырмасын мұқият оқыңыз.

Берілген 25 тапсырманы рет-ретімен орындаңыз. Қиынсынған тапсырманы қоя тұрыңыз. Қиын есептерді соңына қалдырыңыз.

Кең таралған «жауап қуалау» деген әдісін қолданудың да пайдасы бар. Көібне теңдеулерді шешуде х пен y-тің орнына 5 жауаптың мәндерін қойып жауапты таба аласыз. Бұл әдіс уақытыңызды үнемдейді.

Психологиялық дайындық

А) Формулаларды қайталаңыз, олардың көмегімен бірнеше есеп шығарңыз.

Ә) Дәптер, кітапты жауып қойып, ештеңеге қарамай, бір есепті шығарып көріңіз,  кейін өзіңіз жазған формуланың  дұрыстығын тексеріңіз;

Б) Тест болар күннің алдында формулаға қарап жүріңіз. Көзбен жаттау тактикасы көмегін тигізері анық.

В) Ойлау сұрақтан басталады. Сол себептен өз-өзіңізге көп сұрақ қойыңыз және оған жауап іздеуді үйреніңіз.

Г) Демала білу де керек. Ойлауға септігін тигізетін жеміс-жидектерді, шоколадты көбірек жеп, су ішіңіз.

Ғ) Теледидар, техникалық құралдар көңілді бөлмеу керек. Оларға «менің миым мен уақытымды жейтін құбыжық» деп қараңыз.